“Әлеуметтік санаттағы аурумен ауыратын науқастарға оңалтудан өтуге бола ма?”
Әсем ҚҰРМАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.
Оқырманымыздың бұл сауалына әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова жауап береді.
– Әлеуметтік санаттағы аурулармен ауыратын науқастар жалпы негізде медициналық оңалтудан өте алады. Туберкулез, созылмалы вирустық гепатит, бауыр циррозы, қатерлі ісік, қант диабеті, психикалық, мінез-құлық бұзылулары, балалардың церебралды сал ауруы, жедел миокард инфарктісі, ревматизм мен тағы басқалары әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне кіреді. Оңалту немесе қалпына келтіру қызметтерін алу үшін науқас учаскелік дәрігерге жүгінуі қажет. Ал оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін анықтау үшін реабилитолог немесе мультидисциплинарлық топ мамандарының кеңесін алу қажет.
Медициналық оңалту міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіреді. Сондықтан науқастың сақтандыру мәртебесі болуы керек. Өңірде медициналық көмекті ұйымдастыруға және медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірде тұрғындардың медициналық көмек алуын, емдеуші ұйымдардың толық және сапалы қызмет көрсетуін бақылайды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы өңір тұрғындарын әлеуметтік мәні бар аурулардың және аса қауіпті инфекциялардың таралуы туралы хабардар етуге міндетті. Әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша науқастарға медициналық көмек емханада тіркелу бойынша ұсынылады. Егер әлеуметтік маңызы бар ауру кезінде науқастарға медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, өз құқықтарын қорғау үшін тұрғындар емхана жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінулері қажет.