Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Десек те, тұрғындар тарапынан сұрақтар көп түсуде. Жаңа жүйе туралы жан-жақты білгісі келетіндер аз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
– Енгізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қандай мақсатты көздейді?
– МӘМС жүйесінің негізгі қағидаттары – әржақтылық және ортақ жауапкершілік, яғни барлық тұрғындар осы жүйеге қатысуға міндетті. Әр қатысушы салымдар салуға тиісті (не оған мемлекет төлейді). Қазақстанның азаматтары ғана емес, оралмандар да, сондай-ақ, біздің елде тұрақты өмір сүретін шетел азаматтары да жүйеге қатыса алады.
– МӘМС-нің биылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастағанға дейін әр азамат қандай талаптарды орындауы керек?
– Ең алдымен, тұрғындар МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесін айқындауы және емханаға бекітілуі қажет. Бұған үлкен назар аударылған, өйткені, емхана арқылы ғана денсаулық сақтау жүйесіне кіруге рұқсат етіледі. Атап айтқанда, МӘМС аясындағы медицина ұйымдарының пакетіне 30 маусымға дейін созылатын арнайы бекітілу науқаны барысында елдің әр тұрғыны өзінің қай медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына қарайтынын тексеріп немесе орналасуына қарай өзіне ыңғайлы емханаға бекітілуі тиіс. Өзінің санатын нақтылау өте маңызды – жалданған жұмысшы, жеке кәсіпкер, ресми кірісі жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат немесе ешқайда тіркелмеген жұмыссыз және т.б. болашақта сақтандырылғанның мәртебесін және қажетті медициналық көмек алумен қиындықтар туындамауы үшін осының бәрін қазір жасау қажет. Қазірдің өзінде МӘМС-да медициналық көмексіз қалу қаупі бар азаматтар анықталды. Олар ресми түрде тіркелмеген жұмыссыздар және тұрғылықты жері жоқ, медицина ұйымына тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады.
Емханаға Еgov.kz арқылы немесе оған келіп бекітілуге болады.
– Азамат өзінің мәртебесін анықтаған және емханаға бекітілген соң салымдарды қалай жасайды?
– Осы жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті медициналық сақтандыру туралы заң сақтандыру салымдарын төлеу бөлігінде күшіне енеді, оларды сол кезеңнен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлей бастайды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап оларға мемлекет және белсенді емес тұрғындар қосылады, ал 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалданатын жұмысшылар өздері төлейді.
Тұрғындардың 14 жеңілдікті санаты салым салудан босатылатынын білу қажет, олар үшін мемлекет төлейді. Ондай адамдар елімізде шамамен 10 миллион болады. Оларға балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар, бала тууға, жаңа туған баланы асырап алған, ол үш жасқа толғанға дейін бала күтуге байланысты демалыстағы тұлғалар, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы күтетін жұмыс істемейтін тұлғалар, зейнетақы алатындар, олардың ішінде соғыс ардагерлері мен мүгедектері, қылмыстық-түзету жүйесінің мекемелерінде соттың шешімі бойынша жазасын өтеп жүрген тұлғалар, тергеу абақтысында ұсталатындар, сондай-ақ, жұмыс істемейтін оралмандар (тіркелген күннен бастап бір жыл бойы), “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар немесе бұрын “Батыр ана” атағын алғандар, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталғандар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар және оқуды бітіріп, оқуды бітіргеннен кейінгі айдан кейін үш күнтізбелік ай бойы жұмысқа орналаспағандар.
– Алынған қаражатты қор қалай жинайды және бөледі?
– Қаражат мемлекеттен және халықтан түседі. Бірінші жағдайда қаражат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің шотына түседі. Кейін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік порталы арқылы жеңілдікті санаттардағы сақтандырылған азаматтардың тізіміне сәйкес – Ұлттық банкте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері шотына аударылады. Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және белсенді емес тұрғындар аударымдары мен салымдарын екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады, содан соң олар мемлекеттік корпорация арқылы Ұлттық банкке аударылады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салымдарды бақылап отырады, төлемеген жағдайда шаралар қабылдайды.
– Сақтандырылған азаматтар қандай медициналық қызметтер алады?
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі барлық сақтандырылғандар МӘМС пакетімен қарастырылған медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бүкіл көлемін алуға құқылы. Оған амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен қоса амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіру емі, медициналық оңалту, жоғары технологиялық қызметтер, паллиативтік көмек және мейірбикелік күтім жатады.
Бұл ретте әрбір қазақстандық міндетті сақтандыруға салым салуына не салмауына байланысты тегін медициналық көмектің мемлекет кепілдік берген көлемімен қамтамасыз етіледі. Оған профилактикалық екпелер, жедел көмек, санитарлық авиация, жедел көрсетілімдер бойынша медициналық көмек, әлеуметтік жағынан елеулі аурулар, сондай-ақ, қоршағандарға қауіп төндіретін аурулар кезінде (онкология, туберкулез, қант диабеті және т.б.) стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек кіреді. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезеңде мемлекет бекітілген тізбеге сәйкес амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен қоса амбулаторлық-емханалық көмек алуға кететін шығындарды өтеу жоспарланған. Бұл кезең бірінші кезекте белсенді емес азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту үшін қажет.
МӘМС жөніндегі ақпаратты департаменттің сайтынан алуға болады: www.komu.sko.kz, Call-орталығының телефоны: 8 800 080 81 03.
Әңгімелескен
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.