Қытымыр қыстың қыспағынан тезірек құтылуды ойлап, күннің нұры жауар наурыз айын асыға күтетіндердің қарасы қалың екендігінде дау жоқ. Әсіресе, көгілдір көктемнің алғашқы айын қуана қарсы алатындар – балалар.
Облыс орталығындағы №2 педагогикалық-психологиялық түзету орталығының терезелеріне түскен күн шуағы мұндағы балғындарды шаттыққа бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Білікті ұстаздар болса осы сәтті ұтымды пайдаланып, мекемеде мерекелік ахуал орнатып, балалар мен олардың ата-аналарының мерейлерін тағы бір мәрте үстем етті. Мәселен, күнде балғындар мамандардың көмегімен аналары мен әжелеріне арнап түрлі әдемі суреттер салып, олармен бірге ортақ топтық ойындарға қатысып, көздері бал-бұл жайнайды. Жалпы, осы іспеттес мейірімділік шараларын өткізу – орталық қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Олар балаларға көктемнің әр күні мейрам екенін көрсетіп, қуанышқа кенелтуден жалыққан емес.
Осыдан төрт ай бұрын облыс әкімінің, “Дара” республикалық қайырымдылық және “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорларының қолдауымен ашылған орталықта арнайы мамандар балғындармен жеке әрі топтық түзету жұмыстарын жүргізеді. Бұл мекеменің ашылуы өңіріміздегі жағымды жаңалықтардың бірі болды десек, артық айтпаспыз. Сондай-ақ, мейірім мекемесінің тез пайдалануға берілуі көмекке зәру балалары бар ата-аналардың өтініштерін елеп, денсаулықты түзету басты назарда болу керектігін түсінген жергілікті билік органдарының көмегімен де жүзеге асты. Қала тұрғындарының оларға деген ризашылықтары көл-көсір.
Орталықта кез келген баламен психолог, әлеуметтік педагог, логопед-ұстаз, дефектолог маман, емдеу-дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыс істеп, кешенді көмек көрсетеді. Орталық қажетті заманауи оңалту құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Мұнда Монтессори, сенсорлық және әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы бөлмелер бар. Яғни, ұстаздар балалардың таным жүйесін жетілдіретін, сөйлеу қабілеттерін, түйсінуі мен қабылдауларын дамытатын, әлеуметтендіретін арнайы әдіс-тәсілдерді де қолданады. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Балалардың қозғалысына “кедергісіз” орта құрылған.
Балалар – еліміздің болашағы. Сол себепті олардың денсаулығы ешқашан назардан түспеуі керек.
Рита ҒАЛИЕВА,
№2 психологиялық-педагогикалық түзету
орталығы директорының міндетін атқарушы.