Қасымның тұрақты мекенжайын сұрай қалсаңыз, одан нақты жауаптың орнына, ақтала жөнелгенін еститін едіңіз. «Ұшарын жел, қонарын сай» біледі дейтін адам осындай-ақ болар. Өзі дүние жиып, бір жерге орнығып тұрып көрмеген адам. Үй алып, өз отауының отын тұтатуды ойламайтын да сияқты. Оның сыртында мінез-құлқының көпке оғаш көрінетін тұстары жетіп артылады.
Әділжан МЕРЕЙҰЛЫ,
43 жаста.
Отыздан асса да үй-күйсіз жүрген Қасымның бұл өмір салты мен сияқты жаңа танысқан адамдарға әуел баста қызық, тіпті таңданарлық болып көрінгенімен, уақыт өте келе онымыз алаңдаушылыққа айнала бастады. Бір қарағанда Қасым ел қызығардай жақсы-ақ адам. Жұмысында жерге қарап көрген емес, табысы да жақсы. Сөйлесе кетсең жүзінен мейірімнің лебі есіп тұрады. Өзі барынша ашық- жарқын, көпшіл. Алайда бір таңданарлығы, осындай жақсы қасиетіне қарамастан, тұрмыстық мәселелерге келгенде мүлде олақ. Қашан көрсең үйден-үйге көшіп, бір жерге тұрақтай алмай жүргені. Бірде жолдасының, бірде туысқанының үйіне, бірде қонақүйге түней салу ол үшін еш қиындық тудырмайды. Жалдаған пәтерінде де жарты жылдан көп тұрақтаған емес. Тіпті туғалы осындай өмір сүріп жүргендей мұнысын мүлде олқы көрмейді. Әйтпесе үй алып, шаруасын түзеймін десе, қолынан іс келетін, еңбекқор адам ғой. Қасымның бұл әдетін отызға келсе де жастық желігін баса алмай жүрген албырттыққа балауға болмас. Ол қызық қуып өмірін өткізерліктей ойын-сауыққа құмар кісі емес-ті. Дүние-мүліктен бас тартып, баяғының диуаналарындай ел кезіп кетерліктей тақуалығы да жоқ. Қалай бас қатырсақ та оның бұл өмірінің сырын ұға алмадық. Алғашында Қасымды сері, рыцарьларға теңеп әзілдейтінбіз. Бірақ уақыт өте келе оның бұл жүрісінде бір кілтипан бар екенін сезе бастадық.
Өзіне салсаң, Қасым бір жерде ұзақ уақыт тұруды түрме азабынан кем көрмейді. Көшуге себеп табылса, бар керек-жарағы мен киім-кешегін екі үлкен сөмкеге сала салып, жүре береді. Студент кезімізде жатақханадан орын таппай, әркімнің пәтерін жағалап осылай жүгіруші едік. Шамасы бұл Қасымның сол кезден қалған әдеті сияқты. Алайда мұның мәні одан да әріде екенін білмеппін.
Қасым бізге өзінің ата-анасы жайлы айта бермейтін. Олар жайлы бар білетініміз — анасы мен әкесінің қазір бірге тұрмайтыны. Ерлі-зайыптылар дәм- тұздары жараспай ажырасып кеткен. Соған қарамастан Қасымды қатты жақсы көретіндері көрініп тұрады. Тіпті кейде бір- бірінен қызғанып та қалатын сияқты. Бұл отбасының мән-жайын мен кездейсоқ естідім.
Бізге сырттай жайдары, қабағына кірбің ұяламайтын адамның балалық шағы сонша қиын болғанын ойлаудың өзі қиын. Әріптесімнің айтуынша, оның ата-анасының асығыс қадам жасағаны отбасылық өмірдің алғашқы айларында-ақ белгілі бола бастаған.
Жуырда жұмысқа келген әріптесім Қасымды жақсы білетін болып шықты. Әңгімелесе келе сөз ауаны соған қарай ауып, әріптесім оның қиын тағдыры туралы баяндай жөнелді.
Алайда көптен ұялды ма әлде жарасып кетеміз деген үміт болды ма, Балқаш пен Жангүл ажырасуға бармаған. Сөйтіп жүргенде дүниеге Қасым келген. Шаңырақта тағы бір жан пайда болған екі жас енді ажырасу туралы ойларынан айнып, ата-ана жауапкершілігін арқалапты. Сөйтіп, дүние есігін жаңа ашқан сәби бір-бірінен алыстап бара жатқан адамдарды қайта қосып, шаңырақ қайта қуанышқа кенелген. Осылай жыл артынан жыл өтіп, Қасым да мектепке баратын жасқа жетіпті. Осы уақыт бойы Балқаш пен Жангүл ұлдары үшін бақытты отбасы болып көрінуге тырысқанымен, өз араларындағы кикілжіңдер әлі де шешілмеген еді. Мұндай жасандылыққа адам қашанғы шыдасын? Қасымның онға қараған шағында анасы мен әкесі ортаға алып, енді бөлек кететіндерін айтқан. Ересектердің кейде біреуді сүйіп, кейін одан көңілі суып қалуы мүмкін екенін он жасар бала қайдан ұқсын?
Балқаш пен Жангүл де отбасыны сақтап қалудың енді еш жолы жоқ екенін білгеннен кейін ажырасу ұзаққа созылған жоқ. Олар ұзақ жылдар бірге тұрғанымен отбасылық өмірдің арты осыған соқтырарын сезгендей, бәрін салмақты қабылдады. Бірлесіп жиған-терген шағын ғана дүние-мүлік ың-шыңсыз бөлінді. Үй, көлік, басқа да дүниелер кімге өтетіні шешілгенде талас туған жоқ. Алайда мәселе балаға келгенде, екеуі де ешкімді тыңдағысы келмей табандап тұрып алды. Онымен қоймай бұл іске екі жақтың үлкендері араласып, аяғы жанжалға айналып кете жаздады. Екі жақ қанша дауласқанымен, сотқа жүгінуге ар-ұяттары жібермеді. Ажырасқаннан кейін де Балқаш пен Жангүл алысқа қоныс аудармай осы қалада бөлек тұра беретін болғандықтан Қасым өскенше ешкіммен қалмайтын болды. Бала бірталай уақыт әкесімен, кейін тағы сонша уақыт анасымен тұратын болды. Бұл Қасымның оқуына да кедергі келтірмейтін сияқты көрінді. Ұлдарын соншалық жақсы көріп, қасынан ұзатқысы келмеген екі жан бұдан басқасына көнбеді. Ақыры үлкендер осыны ұйғарды.
Қасым өзін ата-анасының қатты жақсы көретінін білетін. Бала жасына қарамай ол да естиярлық танытып, үлкендерді ренжітпеуге тырысатын. Тіпті анасы мен әкесінің ажырасып кеткеніне кейде өзін кінәлі сезінетін. Алайда ортадағы дүниенің бәрін бөліске салған Балқаш пен Жангүл ұлдарының ішінде не болып жатқанын ұғарлықтай хәлде емес еді.
Осы сәттен бастап Қасымның өмір салты түбегейлі өзгерген. Ол таңертең әкесінің үйінен шығып, сабағы аяқталған соң анасының үйіне барады. Онда да көп болмай 3-4 күннен кейін қайта әкесінің қасына оралады. Тіпті демалыс уақытында да Қасым бір үйде бір жұмадан артық болып көрген емес. Сондықтан оның өзінікі дейтіндей жатын орны да, бөлмесі де жоқ еді. Қасым тіпті біреу сұрай қалса өзінің қайда тұратынын айта алмай қалатын. Қаршадай бала үнемі мектепке ауыр сөмкемен аттанады. Өйткені әкесінің үйінен шығарда анасының үйінде керек болып қалуы мүмкін заттарын ала шығады. Анасында болғаннан кейін алдағы күндері қажет асай-мүсейін тағы жинастыра бастайтын. Мұндай өмір салты оның ата-анасы үшін еш ыңғайсыздық тудырмады. Алайда бұның бәрі он жасар Қасымға қиын еді. Көп өтпей ол да бұған үйреніп кеткендей болды. Оқу бітіргенше екі үйдің арасында сөмкесін көтеріп шапқылаумен болды. Есейіп, ересек өмірге қадам басқан шағында да осы жүрісінен жаңылған жоқ. Үнемі көшіп-қонумен болды.
Сондықтан қазіргі күйі үшін Қасымды кінәлауға болмас еді. Өйткені ол отбасылық өмірдің мейірімін толық сезінген жоқ. Оның тұрақты баспанасы да, жеке бөлмесі де болмады. Ол мектепке бір үйден келсе, шыққан соң басқа үйге баратын. Бала Қасым тіпті өзінің қайда тұратынын да айта алмайтын еді. Өйткені ол бұл сұрақтың жауабын білмейтін. Оның бар білгені әкесі мен анасы тұратын үйлер ғана. Оның балалық шағы өзін жақсы көретін ата-ананың қасында емес, солардың үйлерінің арасындағы жолда өтіп кетіпті. Ес білгелі көргені осы болған соң Қасым жігіт болған шағында да еш жерге тұрақтай алмапты.
Біз Балқаш пен Жангүл ұлдарын жақсы көрген соң қастарынан ұзата алмады дерміз. Алайда шын мәнінде олар Қасымды да шын жақсы көрмеген екен. Өйтпегенде кішкентай баланы күн сайын сенделтіп қоймас еді. Баланың қажеттілігін, ішкі қорқынышы мен ренішін түсініп, өздері үшін қаншалықты қиын болса да оның ертеңі үшін тиісті қадамға баратын еді. Түптеп келгенде олар баладан гөрі өздерін қаттырақ жақсы көрді. Баласы, өмір сүруге қорыққандықтан, оның ертеңі үшін жауапкершілік алуға батылдары жетпегендіктен екеуіне де оңтайлы әдіс тапқандай болды. Алайда кішкентай Қасымның жан жарасын ешқайсысы да ұққан жоқ. Оларға салса, ұлды ортадан екіге бөліп алуға бар еді.
Арада жылдар өткеннен кейін осы жай туралы Қасыммен сөйлесудің кезі келді. Бұл оның есейіп, ертеңін ойлап, ақыл тоқтатқан шағы еді. Қасым бұл жүрісінің жөн емесін түсініп, көп өтпей отбасын құрды. Бүгінде сүйгенімен бірге кішкентай перзенттерін аялап, бағып-қағып отыр.
«Бала кезімде менің сөмкемде үнемі тіс щеткасы жүретін. Өйткені сол түні қай үйде қонатынымды білмейтінмін. Осы бір белгісіздік пен тұрақсыздық менің ашуымды келтіреді. Алайда қолымнан ештеңе келмейтін. Анам да, әкем де маған барын беруге тырысты. Бірақ маған олардың мені түсінгендері ғана керек еді», – дейді Қасым.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».