Өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті. Онда облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова оқу жылының қорытындысымен таныстырып, алда болатын іс-шаралар жөнінде жан- жақты ақпарат берді.
Биылғы оқу жылында облыс бойынша 444 мектеп жұмыс істеді. Бұл білім беру ұйымдарында 1-11 сыныптар аралығында шамамен 74 мың оқушы оқыды. Оның ішінде 1-сыныпты 6 930 оқушы тамамдаған. Оқу 1-11 сыныптарда 23 мамырда, ал мектепалды даярлық топтары үшін 30 мамырда аяқталады.
2025 жылғы 25 мамыр жексенбіге сәйкес келетіндіктен, соңғы қоңырау салтанаты 23-24 мамыр күндері өткізілмек. Уақыты мен форматын мектеп әкімшілігі ата-аналармен бірлесіп белгілейді. Қазіргі таңда мектептердің шамамен 70 пайызы 23 мамырды таңдап отыр.
– Соңғы қоңырау – әр оқушының өміріндегі бір-ақ рет болатын ерекше сәт. Бірақ оны тек білім ордасының қабырғасында, ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен, қарапайым әрі мазмұнды өткізу керек.
Мектеппен қоштасу салтанатынан кейін түлектер үшін маңызды кезеңдердің бірі – қорытынды аттестаттау және Ұлттық бірыңғай тестілеу. Жалпы орта және негізгі білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтеді.
Биыл облыс бойынша «Алтын белгі» иегері атануға 122 үміткер тіркелген. Олар – үздік оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жоғары үлгі көрсеткен оқушылар. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу биылғы жылы 16 мамыр мен 4 шілде аралығында өтеді. Әр түлекке тестілеуге екі мәрте қатысу мүмкіндігі беріледі. Нәтижелер бірден белгілі болады.
Облыс бойынша екі тестілеу пункті жұмыс істейді, бірі – Петропавл қаласында, екіншісі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишим ауылында орналасқан. Тестілеу күндері бұл орталықтарда медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқарады.
Қазіргі таңда өңірдегі 24 колледжде 11 мыңнан астам студент білім алуда. Колледж түлектеріне диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Бұл шара да салтанатты сипатта ұйымдастырылып, оқу орнын аяқтаған жастардың еңбек нарығына қадам басуына жол ашады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».