“Даму” қорының өңірлік филиалы “Бизнестің жол картасы – 2020” кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауын көрген солтүстікқазақстандық төрт кәсіпорынға баспасөз турын ұйымдастырды.
“С.Н.Белова” жеке кәсіпкерлігі балық өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпкер “Дамудың” кепілдемесімен “Сбербанк России” қаржы орталығынан несие алған. Сондай-ақ, оған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының қатысушысы ретінде несиесінің жылдық сыйақы үстемесіне 7 пайыз демеу-қаржы берілген. Қаржылық жағдайын жақсартқан кәсіпорын өндіріс цехын жөндеп, тоңазытқыштардың бірқатар тетігін ауыстырған. Қалған қаржыға шикізат қорын молайтқан. Отандық тауар өндіруші бүгінде мұздатылған балықтан бастап, кептірілген, қақталған, тұздалған өнімдердің 40-қа жуық түрін шығарады. Ондағы жұмыс істейтін 30 адамның орташа еңбекақысы 70-80 мың теңгені құрайды. Балықты қалбыр ыдыстарға салып, жаңа технологиямен өндіріп жүрген өңіріміздегі жалғыз кәсіпорын. Шикізат қоры үшін облыстағы су айдындарын пайдаланумен қатар, сұранысқа қарай сырттан да теңіз өнімдерін алдырады. “Біздің мүмкіншілігімізбен бүгінгі өндіріп отырған тауар көлемінде алшақтық бар. Өйткені, нарықтағы ахуал толық күшімізді пайдалануға мұрша бермей отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын республика аумағын қамтитын едік. Бүгінде тауарларымыз облыс аумағы мен Астана қаласына ғана сатылады. Өңіріміз Ресеймен шекаралас жатқандықтан, ол жақтан тасылатын тауарлар да аз емес. Кәсіпкерлік жолдағы кедергілерді еңсере отырып, дамыған кезде ғана дами алады. Мемлекет тарапынан қолдау болса ол қиындықтарды жеңу жеңілдейді”, – дейді кәсіпорын директоры Александр Боцвин.
Петропавлдық кәсіпкер Ольга Скрябина кондитерлік өнімдер шығарумен 2000 жылдан бері айналысып келеді. Ісін жақсы меңгерген Ольга Борисовна журналистерге бизнесінің қыр-сырынан біраз ақпарат берді. Үш баланың анасы, мамандығы бойынша теміржолшы өзіне ұнайтын бизнестің тетігін ұстап отырғандығын мақтан етті. Ол 15 жыл бойы ғимаратты жалға алып, артық шығынмен жұмыс істесе де, кәсібін дөңгелете білген. Кәсіпкер былтыр “Цеснабанк” қаржы институтынан 15,5 миллион теңге несие алып, оған өндіріске ыңғайлы ғимарат таңдап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінде өзін толыққанды қалыптасқан кәсіпкер ретінде сезінгенін айтады. Оның қарамағында 18 адам еңбек етуде. Күзде жаңа бір цехты іске қосса, тағы 5-6 адамды жұмысқа шақырмақ. “Даму” қорының қолдауымен банктің үстемеақы мөлшерлемесі 7 пайызға қысқарып, нәтижесінде қарыздың 700 мың теңгесі кәсіпкердің өз қалтасында қалды. “Осындай көмек бизнесті одан әрі дамытуға зор мүмкіндік береді”, – дейді Ольга Скрябина.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына енгізілген өзгертулер негізінде мемлекеттік қолдаудың игілігін көргендердің бірі – “Таткрафт-Инвест” ЖШС-і. Аталмыш серіктестік былтыр жыл соңында Петропавл қаласында “Семейный” сауда кешенін ашып, онда “Кinder Land” балалар ойын-сауық орталығын ұйымдастырған болатын. Заманауи бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін серіктестік екінші деңгейлі банктен несие алған. Өңір экономикасы мен әлеуетін дамытуға өзіндік үлес қосқалы отырған кәсіпкердің тәуекелге бел буып, бастағалы отырған үлкен ісіне мемлекеттің демеуқаржылық көмегі орынды болды. Аталған кешен ішінде гипермаркет, мейрамхана, түрлі сауда орындары мен өндіріс цехы да бар. “Таткрафт-Инвест” серіктестігі – “Қазақстанда жасалған” акциясына белсенді атсалысатындардың бірі. Олар жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін арзан бағамен сатады. Сауда кешенінің жалпы ауданы – 14861 шаршы метр. Ондағы гипермаркетте 50 мыңнан астам өнім түрі қойылған. “Кinder Land” ойын-сауық орталығында 3 жастан жоғары балаларға арналған аттракциондар жұмыс істейді. Ауқымды жоба аясында 250 жұмыс орны ашылды.
Журналистер ат басын бұрған соңғы нысан – облыс орталығындағы жаңа стоматологиялық орталық. Бұл орталық осыдан бір ай бұрын, дәлірек айтсақ, 3 мамыр күні қызметіне кіріскен. Аз уақыт ішінде жаңа технологиямен, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей бастаған орталықты жұрт бағалап үлгерді. Онда күніне 20-30 адамға қызмет көрсетілуде. “С.К.Жуланов” жеке кәсіпкерлігінің директоры Бекежан Саматұлы орталықты ашу мақсатын жүзеге асыру жолында мемлекеттік бағдарламаның көмегі көп болғанын айтады. Кәсіпкер банктен несие алуы үшін кепілдік тетігінің 50 пайызын “Даму” қоры көтерген. Нәтижесінде ол 24 миллион теңге қаржыға қол жеткізіп, орталық ашқалы отырған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, стоматологиялық құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндік алған. Онда 15 адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Сондай-ақ, дамулықтар кәсіпкерге банктен алған несиенің жылдық сыйақы үстемесіне жеңілдік беру жолын сілтеп, кәсіпкер ол мүмкіндікті де пайдаланды. Жақында аталмыш стоматологиялық орталық балаларға арналған кабинет ашпақ. Заманауи технологиямен және құрал-жабдықтармен қызмет көрсететін кабинеттің артықшылығын келген емделушілер сезінері сөзсіз.
PS. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғаннан бері мемлекеттік субсидия беру бойынша 612 жоба мақұлданды. Оның құны шамамен – 48,3 млрд. теңге. Өңірімізде 2010-2016 жылдар аралығында 3,2 млрд. теңге көлемінде демеуқаржы, жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгені құрайтын 149 кепілдеме берілді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.