Қызылжар ауданында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген отбасылар аз емес. Мысалы, Захаровтардың үш ұрпағы аудан орталығында ондаған жылдар бойы педагогикалық қызметпен айналысып келеді. Полиция қызметкерлері болып еңбек ететін Магомедовтер биыл мамыр айында облыстық “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпазы атанып, 19 қыркүйекте Астанада Елбасының қатысуымен өтетін ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған ресми салтанатқа жолдама алды.
Бескөлдегі Мәдениет үйінде елімізде алғаш рет аталып отырған Отбасы күніне орай өткізілген салтанатты жиында аудан әкімі Болат Жұмабеков аталмыш ерлізайыптылардың өнегелі өмірін ерекше атай отырып, оларға “Отаu-ТВ” сандық қондырғысын табыс етті.
Мерейлі мерекенің екінші бөлімінде осыдан 20 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, 19 жылдан бері тарихи Отанында түтін түтетіп келе жатқан Серік Өтепбергеновтің отбасы өнер көрсетті. Серік Жанайұлымен бірге оның өнер колледжінде оқитын ұл-қызы Бүркіт пен Алма, екінші сынып оқушысы Талғат Жанайлар киелі сахнаны ән-жырға бөледі.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.