«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕҢДІБАЙ ӘУЛИЕ

Қазақ даласында ислам дінін таратып, осы жолда өмірін сарп еткен Арыстан бап, Қожа Ахмет Яссауи, Масат ата, Укәша ата секілді әулиелер ерекше ілтипатқа ие. Олардың тұқым-жұрағаттарын халық қожа деген әлеуметтік топқа жатқызып, ақсүйек деп ардақтап келеді. Сонымен бірге дінді таратуға күш салып, бұқараны имандылыққа үндеген жергілікті халықтан шыққан Әулие ата (Сатық Бұғра Қарахан), Бахауиддин Нақышбанд, Бекет ата, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан ахун, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім секілді тұлғалар да әулиелік жолды жалғастырған.

азақ халқының ислам дінін қабыл-дауы барысында тәңірлік дүниетаным-ның кейбір элементтері жаңа ұстанымдармен біте араласып, әулие ұғымының мазмұны толыға түсті. Жалпы, әулие деген кім? Осы сұрақты тереңінен ашып көрейікші. Әулие – “уәли” деген араб сөзінің көпше түрі, қазақша “қасиетті” деген мағына береді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни “Уәли Аллаһ” – “Аллаға жақын”, “дос”, “Алланың мейірі түскен” деген ұғымда ұшырасады. Қазақ тілінде әулие-әнбие түрінде қосарланып та айтылады, мұндағы әнбие – арабша “нәби”, яғни пайғамбар деген сөздің көпше түрі болып келеді. Әйткенмен, бұл тіркес ел түсінігінде тек қана әулие деген бір ғана мағынаны білдіреді.

Қазақтың әпсана-әңгімелерінде әулие кереметті көрсетуші, тылсым сырды ше-шуші, батырларды жебеуші пір, дін жолында құрбан болушы бейне ретінде дәріптеледі. Оның мұндай қызметтері, әлбетте, өңірдегі табиғат нысандарымен тікелей байланыста болып келеді.

Еліміз еркіндік алып, тіліміз бен дініміз жарық айдай жарқырап, бойымызға сәулелі шырағын түсіріп, өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңіп, өзгелермен тереземіз тең дәрежеде тұратын халге жеттік. Қазақ қашан да табиғатынан дарынды, ойы жүйрік, тілге ұста, ділмар халық. Осынау дарқан да дана халқымыз ежелден айтарын бейнелі ойымен, кестелі тілімен жеткізіп, шешен сөйлеуге бейім болған. Тарих тереңіне үңілсек, ел бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешен бабаларымызды көптеп кездестіреміз. Әрісін айтпағанда, осы өзіміздің Айыртау өңірінде XIX ғасырда өмір сүрген Орта жүздің Атығай руынан шыққан Меңдібай әулие Сүгірұлы жайында көпшілік біле бермейтіні анық.

Осы орайда Меңдібай әулие жайында молырақ мәлімет алу үшін ауыл шаруашылығы саласының құрметті еңбек ардагері, Саумалкөл ауылының тұрғыны Жама Құсайыновқа жолығып, әңгімелескен едік. Жама Баялыұлының айтуынша, шежіре бойынша Атығайдан – Құдайберлі, Құдайберліден – Ақмәліш, Андай, Құлымбет, Жемет, Есенгелді, және Ырсай тарайды. Ақмәліштен – Ақыл, Бозеке, Түрке, Байсары, Қошқар тараған. Бозекеден – Сүгір, Табан. Ал Сүгірден Меңдібай туған.

Меңдібай Сүгірұлы 1802 жылы ауданымызға қарасты Ақмәліш (қазіргі Сарытүбек) ауылында дүниеге келген. Жас кезінен ақылдылығымен дараланып, бес уақыт намазын қаза қылмай ауылдастары арасында құрметке ие болады. Жеткіншек жас жігіттен ауылдастары, ағайын-туысқандары қажет кезінде ақыл сұраған. Бастарына қиыншылық жағдай туса, жақсылық болса бөлісіп, ауырып-сырқаса, малдарын жоғалтса, жолға шыққан жолаушылар кешіксе Меңдібай әулиеге жүгінеді екен.

Меңдібай әулие 1855 жылы 53 жасында бұл дүниеден бақилыққа озады. О дүниеге аттанар алдында ауылдастары мен құрбы-құрдастарына үлкен жолдың бойына жерлеуін өтінген. Бақилыққа аттанған соң әулиенің аманатын орындау мақсатында ауылдастары мен ағайын-туысқандары Көкшетау-Қостанай бағытындағы Сарытүбек ауылынан 10 шақырымдай жердегі (Саумалкөлге қарай) жолдың бойына жерлейді. Бұл әулиенің: “Ертеңгі ұрпақтарым жол-жөнекей өткен-кеткенде басыма келіп, Құран бағыштап, дұға қылып өтеді”, – дегені екен. Ертеде ол керуен жолы болса, бертін келе үлкен тас жолға айналды.

Қазір ол жерде Меңдібай әулиенің мазары тұрғызылып, жанына орындықтар қойылған. Жол-жөнекей өтіп бара жатқан жолаушылар сол жерге келгенде әдейілеп тоқтап, әулиенің басына барып, дұға қылады. Немесе өтіп бара жатып беттерін сипап, іштей тілектерін айтады. Жылдар өте келе зиярат етіп келушілердің саны артуда.

Жама ақсақал Меңдібай бабамыздың әулиелігі жөнінде бала кезінен есінде сақталып қалған естелікпен бөлісті: “Ертеректе бір үлкен ұлық Қостанай жағынан Көкшетауға жол жүріп бара жатса керек. Қасындағы қазақ атқосшысы жолдағы Меңдібай әулиенің бейітіне тоқтап, аят оқып, дұға қылады. Оянып кеткен мас ұлық: “Сен, қазақ, не істедің?” – деп сұраса, ол: “Әулие атама дұға қылдым”, – деген екен. Сол кезде атқосшыға ашуланған ұлық бейітке жақындап барып, дәрет сындырады. Осы оқиғадан кейін ұлық Көкшетау қаласына жетпей ауырып, бақилыққа аттанған екен. Бұл оқиғаны естіген төңіректегі тұрғындар ерсі қылығы үшін әулие атаның аруағы атты деген болжам жасаған.

Тың игеру жылдарында да осы төңіректе тосын оқиғалар көп болыпты. Егін себу кезінде жүріп келе жатқан тракторлар әулиенің бейітіне жақындай бере сына береді екен. Бейітті жермен жексен етеміз деген өзге ұлт өкілдерінің ойы осылайша іске аспаса керек.

Меңдібай атамыздың әулиелігінің тағы бір мысалы – ертеде бір жылқышы жоғалтқан жылқысын таба алмай әуре-сарсаңға түсіп, ақыры көмегі болама деген оймен әулиенің басына түнейді. Ұйықтап жатқан жылқышының түсіне Меңдібай әулие еніп, аян береді: “Балам, жоғың табылады, қорықпа. Жылқың қалың ағаштың ортасында қоршауда тұр. Ішіндегі айғыр қоршауды бұза алмай тұр. Жылқыңды сол жерден табасың”, – дейді. Айтқанындай жылқышы сол маңдағы орманнан жылқыларын аман-есен тауыпты.

Ұлы Отан соғысының қызып тұрған шағындағы болған оқиғаны да жұрт ұмыта қойған жоқ. Ер-азаматтардың бәрі майданда, елде тек бала-шаға, кемпір-шал мен әйелдер ғана қалған. Колхоздың басқармасы қатыгез, ұрдажық мінездің адамы болса керек. Бәрін шетінен ұрып-соғып, балағаттап, күн көрсетпепті. Ең аяғы танап басында қалған масақты теріп алуға да тыйым салады. Әбден ашынған елдің бірнеше ақсақалы әулие атамызға Құран бағыштап, дұға қылған екен. Содан көп ұзамай әлгі әпербақан басқарма қызметінен алынып, ақыры ізім-қайым жоқ болған дейді.

Міне, осындай ел аузында қалған шағын әңгіме-әпсаналар Меңдібай бабамыздың әулиелілігін айғақтап тұрғандай. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, бертіндері аруақты бабамыздың бейітіне жан-жақтан келіп, зиярат етушілердің қарасы молайған. Жандарына шипа іздеген көптеген ауру-сырқаулар, кембағал жандар тәу етіп, дұға қылады екен. Бала көтере алмаған қаншама әйел бала сүйіп, қуанышқа бөленіпті. Келушілер қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Әсіресе, Кирилловка ауылының тұрғындары жыл сайын әулие бабамыздың қабіріне барып, садақасын беріп, құлшылық жасайды. Мінекей, әулие бабамыздың адамдарды ұлтына, дініне, діліне бөлмей, бәріне бірдей шапағаты тиіп жатқаны да оның ұлылығы деп білеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өткен болатын. “Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі”, – деген еді.

Осы бағдарлама аясында Меңдібай әулиенің толық шежіресі үлкен тақтаға жазылып, жол бойындағы мазарының басына қойылса, құба-құп. Кейінгі жеткіншек ұрпақ есінде сақтап, Меңдібай әулиенің құдіреттілігінен хабардар болар еді. Ақсақалдар сол жол бойына жылдамдықты шектейтін белгі қойылып, әулие бейітіне апаратын сүрлеу жол салынса, нұр үстіне нұр болар еді деген тілектерін жолдауда.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp