Атақты Базар жырау: «Әр заманның өзіне лайық сөзі болады», – депті. Бүгінгі заманның «сөзі» – цифрлық технология. Техника қарыштап дамыған сайын түрлі салада тың мүмкіндіктер ашылуда, жаңа мамандықтар пайда болуда. Солардың бірі – мобилография біздің күнделікті өмірімізге дендеп енді.
Камерасы бар алғашқы смартфондар пайда болғаннан бері мобилография көптеген адамдар үшін хоббиге айналды. Смартфонды пайдаланудың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі барлығына фотограф немесе видеограф болуға, өмірінің маңызды сәттерін таспаға түсіруге және оларды әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы таратуға мүмкіндік берді. Қазір өзін «мобилограф» санайтын жандар көп. Бір қызығы, олар бұл мамандықты оқымаған, арнайы дипломдары жоқ.
«Аманат» партиясы облыстық филиалының мобилографы Нұрбол Балғабеков бұл салаға 2019 жылдан қызыға бастаған. Ол құны 1 млн. теңгедей тұратын смартфон сатып алып, ақылы курстан өтіп, мобилографиямен кәсіби түрде айналысуды ұйғарыпты. Бұл таңдау Нұрболға жеке шығармашылығын шыңдап, видеороликтерді сапалы және кәсіби деңгейде түсіруге мүмкіндік берді. Алғашқы кезде тәжірибе жинақтау үшін тегін түсірілімдер жасаған.
«Qyzyljar» телеарнасында жұмыс істеп жүргенде Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл мен Қаратал ауылдарына іссапармен бардым. Сілеті су қоймасының арнасынан асып жатқанын түсірген видеом жаңалықтар эфиріне сәтті шықты. Осылайша менің жаңа салаға деген қызығушылығым артып, өзімді дамыту жолдарын қарастыра бастадым», – дейді Нұрбол Айтмұхамбетұлы.Оның айтуынша, қазіргі таңда жастар мобилографияның мүмкіндіктерін тереңнен зерделеуде. Бәсекелестік өте жоғары.
Елге белгілі тұлғалардың қай-қайсысының болмасын әлеуметтік желідегі парақшаларын ашып қарасаңыз, көбінің дерлік жеке мобилографы барына куә боласыз. Мобилографтар олардың немен айналысып жатқанын, қандай жоспарлары барын көпшілікке жеткізіп отыратын көмекшіге айналған. Оларға төленетін еңбекақы да аз емес.
«Бұрын банктердің бірінде есепші болып жұмыс істегенмін. Жалақымның бәрі ипотека мен несиелерді төлеуге жұмсалатын. Қыран Талапбек есімді белгілі мобилографтың курсына қатысып, бұл саланың қыр-сырын үйрендім. Тойға да шығамын, өңірде өтіп жатқан айтулы шараларды да видеоға түсіремін. Бұрын бір ай таңнан кешке дейін жүріп 300 мың теңге жалақы алатынмын. Қазір бір айдағы табысым бір жарым миллионға жуықтайды», – дейді есімін атамауын өтінген кейіпкеріміз.
Мобилографтар шоғырының көбеюіне ғаламтордағы қолжетімді курстардың да ықпалы зор. Сондай курс ұйымдастырушылардың біріне хабарластық. Қысқа мерзімді курс екі апталық екен. Кәсіби маман онлайн эфир арқылы мобилографияның артықшылықтарын түсіндіреді, сосын смартфонның мүмкіндігіне қарай видеоға түсіру, оны монтаждау, шағын бейнероликтер жасау, оптикалық кескінді тұрақтандыру мүмкіндіктерін үйретеді. Маман бұл еңбегі үшін 100 мың теңге алады. Ал бір айлық курстардың бағасы 120 мыңнан басталады, оған шеберлік сыныптары, видеолардың сапасын арттыру және шығармашылық ойлаудың көкжиегін кеңейту курстары кіреді.
Асаба Тимур Айтқожин мобилографияны меңгеріп, адал жолмен өз нәпақасын тауып жүргендердің көбейіп келе жатқанына қуанады. «Мобилограф – заманауи мамандық. Оны меңгеру үшін, ең алдымен, адамда ынта болу керек. Көп адамдар мобилографтарды видеографтармен шатастырып жатады. Екеуі – екі бөлек әлем. Мобилографтар видеографтардың бір айда істейтін жұмыстарын бір сағат ішінде атқарып беруі мүмкін. Әсіресе, кәсібім өрге домаласа екен деп жүрген бизнесмендер мобилографтардың қызметіне жүгінуі тиіс», – дейді Тимур Айтқожин.
Біз пікірлескен БАҚ өкілдері мобилографияны мамандық ретінде санауға болмайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, жоғары немесе арнаулы білім ордаларында бірнеше жыл оқып, қолына диплом алғандарды ғана белгілі бір мамандық иесі деп айтуға болады. «Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруді қалап, оңай ақша табудың жолын іздеген жастарға дерек пен дәйекті қажет етпейтін мобилография саласына бет түзеу қолайлы. Оларға болып жатқан дүниені телефонға түсіріп, монтаждап, тарату ғана жүктеледі. Адамдармен сөйлесіп, пікірлерін сұраудың қажеті шамалы. Өз басым мұны мамандық деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілердің шектеусіз жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Олардың жұмысы тоқтаған күні мобилографтардың да мүмкіндігі шектеледі», – дейді «Qyzyljar» телеарнасының редакторы Самат Есмағи.
Қазақта «заманың тазы болса, түлкі боп шал» деген сөз бар. Түлкі – мына құбылмалы, технология қарыштап дамыған заман. Айдалада ауа қармап қалмас үшін жастардың осындай заманауи мамандықтардың құлағынан ұстағаны да жөн шығар, бәлкім!
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».