«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫЗҒЫМАС БІРЛІК САЛТАНАТЫ

Кеше Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік салтанатта облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтау сөз сөйледі.

– Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан Республикасы тарихи таңдау жасап, өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бүгінгі таңда Қазақстан – әлемдік қоғамдастық алдында абыройы биік, мәртебесі жоғары ел. Аз ғана уақыт аралығында еліміз қарқынды дамып, тұрақты саясат пен бірліктің арқасында бүкіл әлем таныған дәрежеге жетті. Бұл – біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жеңісі.  

Тәуелсіз Қазақстанның дамуына біздің көпұлтты Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да өздерінің лайықты үлесін қосуда. Оған жыл сайынғы өңірімізде болып жатқан оң өзгерістер дәлел. Білім, денсаулық, құрылыс салалары жылдан-жылға дамып келеді.

Қазақстан ірі интеграциялық ойлар мен жобалардың бастамашысы болып табылады, оның ішінде Кеден одағын және Еуразиялық экономикалық одақты құру сияқты өміршең жобалар бар. Халықтың жоғары сеніміне сүйене отырып, Елбасы саналы түрде батыл және жеделдетілген реформаларға барып отыр. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз, – деді Ерік Хамзаұлы.

Одан кейін өңір басшысы мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ облыс озаттарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсырды. Атап айтқанда, “Зенченко және К” КС-нің директоры Геннадий Зенченко “Парасат” орденімен, “Алабота асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-нің директоры Ерлан Алпысов, “АБИ-Жер” ЖШС-нің директоры Игорь Гришанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов, “Гагарино” ЖШС-нің директоры Серғазы Қарымсақов және Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров “Құрмет” орденімен марапатталды. Сол сияқты он еңбек үздігі “Ерен еңбегі үшін” медалін, төрт әлеуметтік сала қызметкері” “Шапағат” медалін алып, он өндіріс озатына Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тапсырылды. Марапаттанушылардың атынан сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов: “Нағыз мейрам – біздің Тәуелсіздік күніміз, соның арқасында ұлы жеңістерге жетіп отырмыз. Бүгінгі алған марапатымды өңірдің барлық депутаттар қауымына берілген жоғары баға деп білемін. Елбасымыздың Жолдауында алдымызға қойылған міндеттерді абыроймен орындап, нұрлы жолымызды одан әрі нұрландыра беруге күш салуымыз керек”, – деп тебірене сөйледі.

Жиында жарыссөзге шыққан ардагер ұстаз Валентина Кондратова салтанатқа қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Өзінің осындай халық достығы жарасқан, болашағы жарқын елде туып, өмір сүріп отырғанына бақытты екенін білдірді. Ел ырыздығын тасытқан өз байлықтарымызды сақтап, әлем таныған Президентімізбен мақтанайық, деді ол.

Сол сияқты, салтанатты жиында мінберге шыққан “Мәмбетов және К” КС-нің атқарушы директоры Арыстан Жүнісов та тәуелсіздік белесіндегі бүгінгі жетістіктерімізді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегімен байланыстырды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенімізді және “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізгелі отырғанымызды елдің зор беделі деп атады. Бүгінде елімізде экономиканың барлық саласында ілгерілеу барына, тұрғын үй құрылысында, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерде өсім барына тоқталды. Елдің басты байлығы – астық өндіруге өздерінің сүбелі үлес қосып жүргенін, дәнді дақылдардың әр гектарынан 21 центнерден өнім алғандарын, енді асылтұқымды етті қара мал өсірумен айналысып отырғандарын айтты. Біз осы жетістіктерімізбен өзгелерге өнегеміз. Нұрлы Жолымыз – болашақтың жолы, деді ол.

Салтанатты жиын соңын мерекелік бағдарлама жалғастырды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp