«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ– БІРРЕТТІК НАУҚАН болғанымен, ел экономикасын молайтуға септігі ұшан-теңіз екенін тәжірибе көрсетіп отыр

Елімізде 1 қыркүйектен мүлікті заңдастыру шарасы басталып кетті. Қолда бар мүліктерді айналымға шығару 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Біз аталмыш акция төңірегінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановпен сұхбаттасқан едік.

– Ескен Мырзахметұлы, елімізде заңсыз мүліктерді заңдастырудың бірнеше толқыны өткені мәлім. Оқырмандарға түсінікті болу үшін әрқайсысына қысқаша сипаттама жасай кетсеңіз.

– «Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» Заң аясында алғашқы заңдастыру 2001 жылы ұйымдастырылғанын жұртшылық ұмыта қоймаған болар. Нәтижесінде үш мыңға жуық адамның жарты миллиард долларға жуық қаражаттары заңдастырылды. Мүліктерді заңдастыру бірреттік науқан ретінде өткізіліп, заңдастырушы тұлғалардың заңдастыратын ақшасынан салық алынбайтыны және тиісті жауапкершілікке тартылмайтыны кепілдендірілді.  

2006-2007 жылдары екінші рақымшылық акциясы жүргізілді. Оның ерекшелігі сол, заңдастыруда тек ақша емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжитын мүліктерді де заңдастыру қамтылды. Осыған байланысты оның мерзімі ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» Заң нормаларына сәйкес меншікті дүниесін заңдастыратын азаматтар мен заңды тұлғалар жекелеген қылмыс жасағаны, әкімшілік құқық бұзушылығы және тәртіп бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылды. Мүлікті заңдастырғанына орай мүлік құнының 10 пайыздық жинағы ғана алынды. Жүргізілген науқан аясында 844,7 миллиард теңгенің мүлкі заңдастырылды. Оның ішінде 538,4 миллиард теңге қаражат пен 236,2 миллиард теңгенің жылжымайтын мүлкі бар. Ал, республикалық қазынаға 59,6 миллиард теңге салық түсті.

Бір сөзбен айтқанда, мұндай шаралар «көлеңкелі» экономикаға қарсы бағытталған күрес шараларын күшейте отырып, жарияланған капиталды қаржылық айналымға тартуды көздейді.

– Осы жолғы рақымшылық шараларының ерекшелігі неде? Оның барысында неше нысан жекешелендіріледі?

– «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар тұлғаларға мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңда жария етілетін мүлік пен қаражатты заңды түрде экономикалық айналымға енгізу үрдісінде Қазақстан әлемдік тәжірибеге сүйеніп келеді. Еуропаның бірқатар елдері және АҚШ-тың көптеген штаттары мұндай шараны бірнеше реттен өткізіп тұрады. Өйткені, капиталды «көлеңкеден» шығару проблемасы барлық елдерге тән. Табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Франция, Австрия, Ирландияда – 2 рет, Португалияда – 4 рет, Үндістанда 5 рет қолданылған. Сол сияқты Италия, Бельгия, Германия да бұл үдерісті қайталаған. АҚШ-тың өзінде 1997 жылға дейін 70-ке жуық салықтық рақымшылық қабылданған.

2012 жылы «көлеңкелі» экономика үлесі Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуықтады, болмаса 6 триллион теңгеге жетті. Екіншіден, шетелдік инвестициялардың қысқаруы мен ағымдағы операциялар шоты сальдосының төмендеуіне соқтырды. Үшіншіден, дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан кредит берудің төмендегені байқалды. Сол себепті экономиканы күшейту үшін қосымша ресурстарды жұмылдыру қажеттігі туындады.

Енді биылғы заңдастыру нысандары мен оның қағидаттарына тоқтала кетейік. Парламент мақұлдаған заң бойынша азаматтар адамгершілікке және халықтың денсаулығына, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке, жеке мүлікке, мемлекеттің қауіпсіздігі мен конституциялық құрылым негіздеріне, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне, отбасы мен жасөспірімдерге, жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстардан басқа жағдайда мүлкін заңдастыру кезінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Жария ету объектілеріне ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүліктер, ел аумағындағы тұрған үйлер мен ел аумағынан тыс жерлерде орналасқан жылжымайтын мүліктер жатады. Ал, заңға сәйкес құрылыс нысандары және құрылымдары жоқ өз бетімен басып алынған жерлер мен жер телімдері, онда салынған ғимараттар, қондырғылар заңдастырылмайды.

Үкіметтің 30 сәуірдегі «Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жекешелендіруге жататын республикалық және коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесін бекітті. Осыған орай облыс әкімдігінің шешімімен жекешелендіруге кіретін объектілердің тізбесі жасалып, сату кестесі бекітілді. Өңір бойынша 39 мемлекеттік кәсіпорын мен мемлекеттік үлесі бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Оның ішінде 26 кәсіпорын коммуналдық меншікке жатады. Және де «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 13 еншілес ұйымы кіріп отыр. Биыл облысқа бағынысты 3 кәсіпорын жекешелендіріледі. Олар – «Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығы», «Есіл» волейбол клубы және облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы. Осы нысандар бойынша мүлікті бағалау жүргізу аяқталып, тендер өткізу шарттары анықталды. Облыстық коммуналдық меншіктің тағы екі объектісін келесі жылы саудаға қою жоспарланған. Олар – «Олимпиада чемпионы А.Винокуров атындағы континенталды велосипед клубы» және «Қарасай» жоғары спорттық шеберлік кешені. Бұлар жөнінде коммерциялық тендерлердің өткізілетіні туралы ақпараттық хабарлама жарияланды. Мемлекеттік мүлік тізімінің веб-порталына енгізіліп, нысандардың толық пакеті жарияланды. Сатылатын нысандар «Жекешелендіру объектілерін сату қағидатын бекіту туралы» ережеде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Сөз арасында 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру қолданысқа енетіндіктен, аталмыш шара азаматтарға мүліктерін заңдастырып алуға үлкен мүмкіндік берумен қатар, ел экономикасына серпін тудыратынын айта кеткен жөн.

– Ал, ақшаны заңдастыру тетіктері қалай жүзеге асырылады?

– Бұл шара екінші деңгейлі банктердің арнайы депозиттік шоттарына ақша аудару арқылы жүргізіледі. Бір айта кететіні, заңдастырылатын қаржы арнайы депозиттік шотта бірнеше жыл тұруы тиіс. Бұл ретте нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақылар төленетінін ұмытпаған жөн. Егер банктердің арнайы депозиттік шоттарындағы ақшаны мерзімінен бұрын алған жағдайда заңдастыру үшін он пайыз мөлшерінде төлем алынады. Ал, мемлекеттік құнды қағаздарды, «Халықтық IPO» шеңберінде акцияларды, Ұлттық компаниялардың, басқарушы холдингтердің, даму институттарының облигацияларын, екінші деңгейлі банктердің облигацияларын, қазақстандық қор биржасына салынған басқа да бағалы қағаздарды, жекешелендіру аясындағы нысандарды сатып алған жағдайда ешқандай төлем алынбайды. Бұған қоса, заңдастырған ақшаға жекешелендірудің екінші толқынында нысандар сатып алсаңыз, экономикаға инвестиция салғаныңыз үшін төлем алынбайды. Егер азаматтар жоғарыда аталған инвестициялық тетіктерді пайдаланғысы келмесе, заңдастырылатын қаржының он пайызы мөлшерінде алым төлеп, өз ақшасын өзі басқаруға құқылы.

Сөз арасында заңда рақымшылыққа жатпайтын қылмыстар да қарастырылғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, жалған кәсіпкерлік, жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле жасауы, заңсыз несие алу және мақсатсыз пайдалану, бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу, жалған ақша болмаса бағалы қағаздар жасау немесе сату, экономикалық контрабанда, кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару және рейдерлік рақымшылыққа жатпайды.

– Мүліктерді заңдастырудан ел қазынасы қаншалықты еселенеді деп күтілуде?

– Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, осы жолғы рақымшылықтан 10-12 миллиард доллар кіріс түсетіні айтылуда. Менің ойымша, мүлікті жариялау шарасына бір кісідей атсалыссақ, табыстың арта түсері сөзсіз.

Облыс тұрғындарын мемлекет беріп отырған мүмкіндікті қалт жібермей, тиімді пайдалануға шақырамын.

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp