Бұрнағы күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы әңгіме өзегіне айналды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіров ел экономикасын өркендету, инфрақұрылымды дамыту саласына тың серпін берген “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар шаруалар атқарылғанын сөз етті. Көптеген игіліктердің бағдаршамы іспетті бағдарлама аясында облыс бойынша жүзеге асырылып жатқан 6 жобаның жалпы құны – 3 млрд. 287 млн. теңге. Бүгінде оның екеуі іске асырылған.
Соңғы он жылда өңірімізде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің неғұрлым өткір проблемаларын шешуге қол жеткізілді. Сумен жабдықтаудың ең апатты нысандарына қайта жаңарту, сол сияқты, жаңа нысандар құрылысын жүргізу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.
Үстіміздегі жылы “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Еуропа қайта құру және даму банкінен 2,2 млрд. теңге несие алса, “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 1,65 млрд. теңге бөлінді. Серіктестік бұл қаржыны облыс орталығының су құбырларын салу мен қайта жаңғырту жұмыстарына бағыттап отыр. Нәтижесінде қаланың 30 шақырым сумен жабдықтау және 10 шақырым су бұру желілерін салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Ашық және жабық әдіспен жүргізілетін құбыр алмастыру шаралары нәтижесінде 2018 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозығы жеткен бөлігін – 62 пайызға, су бұру желілерін 50 пайызға дейін азайту жоспарланған.
“Петропавл жылу желілері” ЖШС-і мамандары облыс орталығының жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға бағытталған 9,3 млрд. теңгенің тең жартысы Еуропа қайта құру және даму банкінен болса, қалғаны республикалық бюджеттен бөлінген. Бес жылдың ішінде 24,6 шақырым жылу құбырлары жаңғыртылып, жылу есептегіш құралдары, блоктық жылу қосындары орнатылатын болады. Үстіміздегі жылы 3,2 шақырым жылу магистралін жаңғырту жұмысына 1,5 млрд. теңге бағытталды. Барлық жүргізілген жұмыстардың арқасында жылу желілерінің тозығы жеткен бөлігі 62 пайызға дейін азайтылатын болады.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында облысымыздың елді мекендерінде осызаманғы білім беру мекемелерінің сәулетті ғимараттары бой көтеріп, үстіміздегі оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.
– Ұлттық қордан бөлінген 2,9 млрд. теңге толық игеріліп, үстіміздегі оқу жылында облысымызда үш жаңа мектеп есігін айқара ашты. Аталмыш білім мекемелері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында, Тайынша қаласында және Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында іске қосылды. Құрылыс барысында 560 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауынан бастау алған бағдарламаның арқасында облысымызда үшауысымды мектептер мәселесі толық шешілді, – деді Владислав Геннадьевич.
Үстіміздегі жылдың шілде айында облыс орталығында “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында 320 орындық “Нұрсәт” балабақшасы пайдалануға берілді. Маңызды нысанның құрылысына мемлекет қазынасынан 713 миллион теңге бөлінген болатын.
Журналистердің қойған сауалдарына жауап берген басқарма басшыларының орынбасарлары алдағы уақытта облыста тағы да екі балабақша салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.