2012 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы бүгінге дейін көптеген жастың бағын ашып, түрлі бастамаларын жүзеге асыруда қолдау көрсетті. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген орталықтың директоры Талғат Қалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын жастарға түсіндіру мақсатында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студенттермен кездесті.
Талғат Бегімұлы жастардың жарқын болашағы үшін қолға алынған “Болашақ”, “Дипломмен – ауылға!”, “Zhas Project”, “Бизнес бастау” сияқты тағы басқа бағдарламаларға қатысуға ниеттілердің саны әлі де болса көңіл көншітпейтінін айтты. Қазақстанда жастарға ерекше көңіл бөлінетіндіктен, болашақ мамандар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы міндетті. Ол үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, ұсынылып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың маңызы зор. Өңір жастары елордалық мейманмен “Жастар жылын” қалай өткізетіндері жайлы пікір алмасты.
Ал С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы әңгіме өзегіне айналды. Бүгінгі таңда өңірімізде 60 үкіметтік емес ұйым және 250 белсенді өреннің басын қосқан еріктілер клубы жұмыс істейді. Жиында жастарға қатысты көптеген мәселелер қозғалып, қатысушылар Талғат Бегімұлына сұрақтарын қойды.
Роксана ОРЫНБАСАРОВА,
облыстық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы.