«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұз көбесі сөгілді

Өңірдегі өзендерде мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары басталды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жұмыс Сілеті өзенінің сағасында атқарылған.

Уәлиханов ауданындағы Қулы­көл елді мекенінің маңынан өтетін өзеннің 4 учаскесінде мұз жарыл­ды. Бұл жұмысты осы істе мол тә­жірибесі бар “Көкше-БУР” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары атқарды. Ал жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 1 мың шаршы метрді құрады.

“Жауапты іс-шара қауіпсіз өтуі үшін тұрғындарға алдын ала хабарланды. Сондай-ақ оқиға орнында Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, Құлыкөл ауылдық округінің әкімі және учаскелік полиция инспекторы кезекшілік етіп, жұмыстың тиісті деңгейде өткізілуін бақылауда ұстады”, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.

Мамандардың айтуынша, мұз көбесін сөгу көктемгі су тасқыны ке­зінде мұз кептелісін болдырмау үшін жасалады. Ағын судың жолы ашылып, тасқынның күшін әлсіре­теді, осылайша судың көтерілу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

“Өзенде мұз жару жұмыстары жүргізілгеннен кейін жарылыс толқы­нынан мұзда жарық пайда болады. Сондықтан мұндайда мұз бетіне шығу адам өміріне қауіпті екенін еске саламыз”, – дейді Сәкен Ағза­мов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp