Зерттеушілердің есебі бойынша, Қазақстанда шамамен 2,7-3 миллиондай әртүрлі географиялық атау бар екен. Өкінішке қарай, солақай саясат кесірінен өшірілгені, ұмытылғаны, бұрмаланғаны қаншама? Солтүстік өлкеде жер-су атауларының орынсыз өзгертілуі осыдан екі ғасыр бұрын басталған. Отарланған елді мекендердің атауын орысшалау туралы әскери губернатор Г.Меньщиковтың бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтардан орындала бастаған. Өшкеніміз жаңғырып, жоғалтқанымыз табылып жатқан тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағы өткенін білуі керек. Осы мақсатпен өңіріміздегі елді мекендердің тарихи атауларын санада қайтадан жаңғыртуды жөн көрдік. “Солтүстік Қазақстан” газеті мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бірігіп қолға алған жобаға өңіріміздің әрбір тұрғыны атсалыса алады. Өз ауылыңыздың ескі атаулары жайлы атадан – әкеге, әкеден балаға жеткен аңыз-әңгімелер мен қызықты деректерді қағаз бетіне түсіріп, редакцияға жолдаңыздар.
Алғашқы жазбамыз – қазір Явленка аталып жүрген Есіл ауданының орталығы туралы болмақ. “Солтүстік Қазақстан облысы” энциклопедиясында елді мекеннің іргесі Петропавл қаласынан 78 шақырым жерде, Есіл өзенінің жағасында 1875 жылы қаланғаны жазылған. Ал бұл қонысқа неге Явленка атауы берілгені, одан бұрын қалай аталғаны жайлы ақпаратты былтыр жарық көрген “Атамекен атаулары” атты кітаптан табуға болады (авторлары: Г.Ахметжанова, С.Мәлікова, К.Оспанов және З.Тайшыбай).
Білетіндердің пайымдауынша, бұл мекен ертеде Байтоқа, одан кейін оның баласы Жылғара байдың жері болса керек. Кейін шөбі шүйгін, сылдырап іргеде Есіл ағып жатқан қоныста Жылғараның Мұса деген ұлы тұрған екен. Қазақтың ауылдары, әдетте суы бар, ықтасынды, оты мол жерлерде орналасатыны белгілі. Қыстауда киіз үй ғана емес, қоржын үй, жер үй, асүй, сондай-ақ, шаруашылыққа арналған мал қора, тезек қора, пішен қоралар да салынатын болған. Тарихи кітаптардан қазақ қыстауларындағы үйдің пішіні төрт бұрышты, есіктері мен терезелері оңтүстікке, ал бітеу қабырғалары қысқы желдің өтіне қаратып салынатынын білеміз. Қабырғалары шикі кірпіштен, шымнан, кейде тастан қаланады. Астық және тағы басқа азықтарды ішкі қабырғасы күйдірілген ұраларда сақтаған. Үйдің ортасына биіктігі қабырға бойынан сәл асатын ағаш діңгек – бақандар қаз қатар орнатылады. Оларға белағаш қойылады да, көлденең сырғауылдар төселеді. Оның үстіне қамыс жауып, балшықпен бастырады. Кейде жарық төбедегі тесік арқылы да кіреді. Демек, бұдан көшпенді қазақтың қыстауы тақыр дала емес, құрылыс жүргізілген елді мекен екенін аңғарамыз.
Әлі күнге дейін ақсақалдар Явленканы “Мүсін” деп атайтыны бекер емес. Бұл байдың қыстауы болғандықтан орысшасы “Мусин”, яғни Мұсаның қонысы екенін білдіру үшін аталған да, кейін “Мүсін” деп өзгеріп кеткен болуы мүмкін.
Ал енді Явленка деген атаудың қайдан шыққанына тоқталайық. Ресейдің ішкі бөлігінен көшіп келгендердің көбі христиан дінін ұстанғанын білеміз. Тағдыр айдап, туып-өскен жерінен жыраққа дәм тартып келген жаяулы-жалпылы келімсектер жаңа қоныста кездескен қиыншылықтарды жеңу үшін өздері сенетін әулие-пірлеріне жалбарынғандары аян. Міне, осы жағдайлар солтүстік аймақтың жер-су және елді мекен қоныстарының атауларына еніп кеткен.
Явленка ХІХ ғасырдағы географиялық карталарда “Новоявленное” деген атаумен белгіленген екен. Інжіл аңыздарында Исаның қайта тіріліп, үмбеттерімен қауышатын сәт қасиетті саналады. Сондықтан да қазақ даласының бір пұшпағы – ерке Есілдің жағасынан ойып тұрып алған қоныстарын “Исаның қайта оралуы” немесе орысша “Новое явление Иисуса Христа” деген тіркесті қысқартып алып, атағанын аңғарамыз. Сол діни ұғымның астарын түсінбеген кейінгі ұрпағы әуелгі маңызын ұмытып, немкеттілеу етіп, “Явленка” деп атай салған көрінеді. Ал алғашқы 12 отбасы мұнда Ресейдің Сарапул қаласынан көшіп келген екен.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.