Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІV кезеңінің және өңіріміздің жоғары сынып оқушыларының басын қосқан “Мәңгілік ел жастары – тәуелсіздік тұғыры” атты слеттің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Білім додасында оза шауып, өз өңірінің, мектебінің намысын қорғауға келген республикалық олимпиадаға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов: “Жасампаз елдің жастарына әр кез сеніммен қарайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Жастары жалын жүректі, өршіл, намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады”, – дегенді. Тұғырлы еліміздің ертеңі бүгінгіден де жарқын болуы, әлеуметтік жаңғыртудың мақсаты мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайына дайындау болып табылады. Сіздердің көрсеткіштеріңіз жеке бастарыңыздың ғана емес, білім жүйесінің, еліміздің жетістіктері мен жемісі”, – деп олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша мектеп оқушыларының зияткерлік турнирінің өткізілуі кездейсоқтық емес. Облысымызда дарынды балаларға мамандандырылған 5 мектеп жұмыс істейді.
Зияткерлік марафонға жиналғандарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми орталығының директоры Шолпан Қирабаева құттықтады. Ол өз сөзінде 9 пән бойынша өткізілетін олимпиада оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандырып, барынша дарынды балаларды іріктеп, қолдауды, еліміздің зияткер әлеуетін қалыптастыруды көздейтінін айтты.
Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Тәуелсіздігінің – 25, Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы тақырыбын ашатын театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.