Елбасы алдағы жылдары көш басындағы 30 елдің қатарына енуге мүмкіндік беретін “Қазақстан – 2050” Стратегиясын және Бес институттық реформаны іске асыруға бағытталған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын ұсынды.
“100 нақты қадам” – 10-15 жыл ішінде қарқынды дамуға бағытталған 100 нақты шешім. ХХІ ғасырдың тиімді бағдарламасын біздің еліміз ғана емес, шетелдіктер де ерекше қызығушылықпен қабылдап отыр. Халықаралық сарапшылар Ұлт жоспарын еліміз үшін жаңа іргелі бағдарлама ретінде атап көрсетті. Яғни, Қазақстанды экономикасы дамыған мемлекетке айналдыратынына сенімді. Ел халқының бірлігі, мемлекеттік тіл, тұрғындардың тең құқықтығы және Отан тағдырына, абыройына жауапкершілігі біздің жарқын болашаққа деген сенімімізді арттырады. Барша тұрғындар тәуелсіздігіміздің берік тірегіне айналуы тиіс “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясының мәнін ұғынуы қажет. Сондықтан бір шаңырақтың астында тоғысқан түрлі этнос өкілдері Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына үлкен сенім артып отыр.
Ұлт жоспары экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, қоғамдық қатынас, мемлекеттік басқару салаларын қамтиды. Стратегиялық құжаттың “Бірегейлік пен бірлік” бағыты қоғам бірлігін нығайту, “Мәңгілік Ел” құндылықтарын дамыту жолдарын айқындайды.
Елбасы өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында: “Біз үшін болашағымызға бағдар беретін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – “Мәңгілік Ел” идеясы”, – деген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: “Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды”, – деп атап көрсетті.
Мәңгілік Ел және Мәңгілік тіл – ажырамас ұғымдар. Көпэтносты елде мемлекеттік тіл бізді біріктіретін күш болып табылады. Ал Мәңгілік Елге айналу – қазақ ұлтының ғана емес, қарашаңырақты мекендеген барлық этнос өкілдерінің ортақ мақсаты. Төл тарихымызды, қазақ халқының тілін және мәдениетін түгендеп алмай, арманға жету мүмкін емес. Нақтырақ айтқанда, “Мәңгілік тіл болмай, Мәңгілік Ел” болмайды.
Осы ұғымды жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында мектеп оқушылары арасында “Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл” тақырыбында облыстық шығармалар байқауын ұйымдастырдық. Біз үшін бұл байқауға орыстілді білім ордалары шәкірттерінің көптеп қатысуы үлкен жаңалық болды. Рухы мен намысы жоғалмаған ұлттың болашағына ешкім де бөгет бола алмайтындығын үміткерлер жақсы түсінген. Олар тәуелсіз елдің мемлекеттік тіліне құрмет көрсету, оны дамытуға үлес қосудың маңыздылығын барынша зерделеп, ой елегінен өткізе жазған.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі іске асырылуда. Осы жылдары Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтуға мемлекеттік тілдің қосатын өзіндік үлесін арттыру арқылы үйлесімді тіл саясаты жүргізіліп келеді. Бағдарламаға сәйкес 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 95 пайызға жетуі тиіс. Облыста қазақ және басқа этностардың тілдерін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
“Қызылжар” қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығында 140 топта 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен облыстың өзге де тұрғындары тіл үйренуде. Оның ішінде 136 топта – қазақ тілі, 4 топта ағылшын тілі оқытылады. Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында 1 мыңға жуық үйірме ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам тыңдаушы оқиды. Жоспарлы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша мемлекеттік тілді игергендердің үлесі 46 пайызға жетіп отыр.
Тіл – барлық ұлттар үшін ең үлкен құндылық. Халықтың рухани мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін алтын қазына. Сондықтан өңіріміздегі этностар өкілдерінің салт-дәстүрін сақтауға және ана тілдерін оқытуға жағдай жасалған. Облыста өзге этнос өкілдерінің 600-ден астам баласы өз ана тілдерін үйренуде.
Сондай-ақ, былтыр Қазақстан халқы тiлдерiнiң XVII облыстық фестивалi Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аясында өтті. Мерекеге орай мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған 400-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілді достық пен ынтымақтың алтын көпірі санайтын облыс тұрғындары дәстүрлі шараға белсене атсалысты.
“Мәңгілік Ел” идеясы барлық қазақстандықтардың рухын нығайтуды көздейді. Баршамыз Ұлт жоспарында айтылған басым міндеттерге елмен бірге қол жеткізуге тиіспіз. Елге қызмет ету – біздің борышымыз. Тіл мен ұлт мәңгілік болғанда ғана ел мәңгілікке айналады.
Кемел ОСПАНОВ,
облыстық тілдерді дамыту
жөніндегі басқарманың басшысы.