Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
2014 жылғы 18 сәуірде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтеді. Осы басқосуда Қазақстан Республикасының он төрт өңірінің және Алматы мен Астана қалаларының өкілдері еліміздің алдында тұрған ең келелі де маңызды мәселелерді, әсіресе, мемлекетімізде ұлттардың рухани келісімін нығайтатын, халықтар достығын одан әрі гүлдендіре түсетін даму жолдарын кеңінен талқылайды.
1995 жылғы 1 наурызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы халқының Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бергі он тоғыз жылдың биігінен көз салсақ, бұл ұйым ұлттарды ұйыстырушы, елімізде рухани келісімді нығайтушы, халықтар арасындағы селкеусіз түсіністікті қалыптастырушы рөлін ойдағыдай атқарып отырғанын көрмеу мүмкін емес.
Арада ұзақ уақыт өтпей, анық айтқанда, 1995 жылғы 24 наурызда Алматыда қырық ұлттық-мәдени орталықтың өкілдері бас қосып, алғашқы жиын өткізгені, Елбасымыздың Ассамблеяның этностардың ұйымдасқан жұмыс орталығына айналуы қажеттігі жөніндегі ой-пайымы көрегендік екенін уақыт дәлелдеп отыр.
Біз көпэносты мемлекетпіз. Елімізде тұрып жатқан 130-дан аса этникалық топтар тату-тәтті өмір сүруде.
Биыл мемлекеттік маңыздағы бұл институт шаңырақ көтергеніне он тоғыз жыл болды. Осы уақытта Ассамблеяның жиырма сессиясы өтті. Олардың бәрі де Қазақстан Республикасының алдында тұрған саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде зор маңызға ие болды.
2013 жылдың 24 сәуірінде өткен ХХ сессия “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр” деп аталды. Сессияда баяндама жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл үш атауға былайша түсініктеме берді:
“Бір халық” – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.
“Бір ел” – бұл баршамыз үшін ортақ Отан.
“Бір тағдыр” – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер! Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!”.
Қазақстан Республикасының бір өңірі – біздің облысымызда да рухани келісім мен тұрақтылық орын алып, гүлденудеміз. Астанадағы басты форумнан кейін, 2013 жылғы 22 мамырда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХVІІІ сессиясы өтіп, онда өңір басшысы Самат Ескендіров ассамблеяның облысымыздың тұрғындарының ынтымақтастығы мен достығын қалыптастырып, рухани келісімін нығайтудағы маңызын жақсы атап көрсетті.
Біздің облысымызда бүгінде ассамблея қанатының астына жиырма екі ұлттық-мәдени орталық біріккен. Өңір аудандарында ұлттардың жүз үш орталығы жұмыс істейді.
Бүкіл еліміздегі сияқты қандай ұлттың болмасын, өз тілін, мәдениетін, дәстүрлерін оқып-үйренуіне барлық жағдайлар жасалған. Жүзден аса өзге ұлттар өкілдерінің балалары өз тілдерін оқып-үйреніп жүр. Сол сессияда өңір басшысы облыстың поляктар мен немістер басым тұратын елді мекендерінің он үш мектебінде бұл тілдер туған тіл ретінде оқытылатынын мысалға келтірді. Ал Петропавлдағы “№17 ұлттық өркендеу орта мектеп кешенінде” тоғыз бөлім жұмыс істеп, оларда өзге ұлттардың 230 баласы өз тілдерін оқуда.
Біздің өңір көрші Ресей Федерациясымен шектесетіндіктен, Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен саяси, экономикалық, мәдени байланыстардың қазығы мықтап қағылған. Бұл – көрші мемлекетпен ұлы достықтың айғағы.
Мемлекет баянды өмір сүріп, қарыштап алға басуы үшін не қажет? Ең бастысы – тұрақтылық, ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы. Баршамыз болып Отанды сүйе білсек, оның іргетасы берік болатынын, болашағы баянды екенін айтып жатудың өзі артық. Елбасымыз “Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында “Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының кепілі” деп атап көрсетті.
Ұлттар достығының арқасында өркендеген Қазақстан Республикасы көреген де кемеңгер Елбасының бастауымен жиырма екі жылда қарыштап алға басты, алдына аса зор мақсаттар қойып, оларды жүзеге асырды. Бүгінде біз әлемнің ең бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіруді көздеп отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында өзгелермен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясына “Мәңгілік Ел” идеясын ұсынды. “Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы”, – деді Президентіміз биылғы Жолдауында.
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуірде өтетін ХХІ сессиясының темірқазығы осы Мәңгілік Ел идеясы болатынын пайымдаймын.