«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘҢГІЛІК ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ЕРЛІК

Өткен бейсенбі – 9 қазан күні Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында болған адам өзін тура қан майданның ортасында жүргендей сезінер еді. Бұл күні аталған елді мекенде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер” атты облыстық байқау-фестивальдың шымылдығы ашылып, орталық алаңда көпшілікке соғыс оқиғаларын бейнелейтін көріністер ұсынылды.

Байқау-фестиваль Явленканың орталық алаңындағы жеңімпаз жауынгерге орнатылған ескерткішке соғыс және тыл ардагерлерінің, зейнеткерлердің гүл шоқтарын қоюымен басталып, театрландырылған көріністермен жалғасты.

Аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері байқау-фестивальға тамаша даярланғаны бірден көзге шалынды. Олар дайындаған “Соғыс. Жеңіс. Зерде” атты тарихи-патриоттық саяхат жұртшылықты баурап алды. Зұлым жаудың бейбіт, қаннен-қаперсіз жатқан елге қан шеңгелдеп келіп, тұтқиылдан тап берген аярлығын саз әуенімен жеткізіп, осыдан жетпіс үш жыл бұрынғы қайғы-қасіретті көз алдымызға елестетті.

Арнайы даярланған кешті жүргізушілер мазмұны жүректі шымырлататын жыр шумақтарын бірінен соң бірін үсті-үстіне айтты.

Тамаша тұрмыс күндегі,

Сұлу-ақ еді сән қалай?!

Боларын соғыс білмеді,

Қайғы-қасіретті аңдамай.

Содан соң “Ертеңіне соғыс болды” көркем фильмінен үзінділер көрсетілді.

Атақты диктор Левитанның соғыс басталғанын жеткізген қаһарлы үні естілді де, майданға аттанғалы тұрған мектеп түлектерін бейнелеген оқушылар “Киелі соғыс” әнін орындады.

Осындай көріністердің бірінде майдандағы ұлына қамыға хат жазып отырған ананы кітапхана әдістемешісі Гүлнар Оразалина мен хатты алған жауынгерді Явленкадағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы Асқат Сүттібаев мүсіндеді.

Енді бір сәтте майданнан “қара- қағаз” алу қасіреті фонограммамен дауысталып оқылды. Бұлардан басқа да орайлы ойластырылып, сәтті шыққан бірнеше майдан көріністері алға тартылып, жігерді жаныған патриоттық әндер шырқалды.

Көрдік біз Жеңіс күнін де

Шаттана, мерей қандырып.

Ертең де және бүгін де

Өшпейді бұл күн мәңгілік! – деген жігер отын лаулатқан жыр шумағымен орталық кітапхананың тартуы тамамдалды. Кешті ойдағыдай, тартымды өткізуге кітапханашылар Ж.Новикова, Е.Макаровская және О.Жолбаева көп еңбек сіңіргені байқалды.

Жалпы алғанда, үш сағатқа созылған байқау-фестивальдың келесі кезеңін Есіл ауданы ардагерлерінің және шығармашылық ұжымдарының концерті жалғастырып әкетті.

Бәрінен де Лениндік сыйлықтың иегері Борис Васильевтің “А зори здесь тихие” романы бойынша қойылған осы аттас фильмнің желісінде соғыс ардагері Василий Басалаев, аудандық Мәдениет үйінің “Жалын” үгіт бригадасының мүшелері қойған фильм көпшіліктің де, облыстық қазылар алқасының да көңілінен шықты.

Ал соғыс және бейбітшілік тақырыбындағы театрландырылған көріністер мен патриоттық әндерге толы арнайы концерттік бағдарлама Ұлы Жеңістің құрметін әр адамға ұқтырып, олардың бойында мәңгілік ұмытылмайтын ерліктің қасиетін ардақтатып тұрды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған байқау-фестиваль 21 қазанда тамамдалады.

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp