«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАГРАДА ИЕСІН ТАПТЫ

Шал ақын ауданындағы Жалтыр ауылының тумасы Жанат Жарасбаев1988 жылдың мамыр айында әскерге шақырту алғанда он сегізге жаңа толған жап-жас жігіт еді. Ол орта мектепті тамамдап, үлкен өмірге жоспар құрып, енді қадам басам деген шағында әскерге кетті.

Алдымен Алматыда, сосын Отар қалаларында көлік жүргізушісі ретінде оқу-жаттығу дайындығынан өтті. 4 айдан кейін Семей облысындағы Аягөз қаласына келгенде оларды бірден кез келген жерден мүдірмей өтетін ауыр жүк таситын “КамАЗ” көлігін жүргізуге қайта даярлықтан өткізіп, санаттарын ауыстырады.

Әскерге алынғандарына сегіз ай ғана болған бозбалаларды 1989 жылдың 1 қаңтарында шырт ұйқыда жатқан жерлерінен дабылмен көтеріп, Ауған жеріне аттандырады. “Техникаларды алып шығуға біздің әскери бөлімнен бір батальон жауынгер жұмылдырылды. Соғыс жүріп жатқан жерден әскери техникалар мен құжаттар шығарылып жатқанмен, жағдай өте кұрделі еді. Біз оқ пен оттың астында, ажал аузында бір жарым ай болдық”, – деп есіне алады сол сұрапыл жылдарды Жанат Әскерұлы.

Ол әңгіме барысында бейбіт өмірде соғысты тек кинодан ғана көрген өрімдей жігіттердің бойларын қорқыныш билеген кездер де кездескенін жасырмады. Бірақ қорқыныштан гөрі, Отан алдындағы борышын жоғары қоя білген олар ар алдында аласармады. “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деп әр қазақтың мақтанышы болған Бауыржан Момышұлы айтқандай, оқтан да, оттан да жасқанбады. Дене жарақаттарын алмағанмен, жанға түскен психологиялық жара қаншама қыршын кеткен өзіндей боздақтар есіне түскенде сыздайтыны бар.

Соғыс аумағынан әскери техниканы, құжаттарды шығарып болған соң да қалған бір жылын Ауғанстанмен шекаралас Түркменстанның Кушка қаласында өткерген. Бір қызығы Жанат Әскерұлының осы “жалындаған жерде” тура бір жарым ай болғандығы жөнінде әскери билетіне: “Ауған жерінен әскерлерді шығаруға қатысушы” деп жазылған да, “дабылмен” кеткен кезде Аягөзде қалып қойған жеке құжаттарға ол түспей қалған. Кейін Жанат Жарасбаев әскери билетін де жоғалтып алады. Қайта қалпына келтіруге талпыныс жасағанымен, нәтиже шықпаған. Тіпті, “Ауған соғысына қатысқан жоқсың” деп келіп тұрған наградалары да кері қайтарылған кездері болыпты.

“Семейде болғандығыма байланысты жыл сайын Алматыдағы Соғыс ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпитальға барамын. Екі жыл бұрын сонда болғанымда Қазақстан құрылық әскері Бас штабының басшысы, отставкадағы полковник, Алматы қаласындағы интернационалист-жауынгерлердің үйлестіру штабы кеңесінің басшысы, “Қызыл Жұлдыз” орденінің екі мәрте иегері Жұмажан Ерғалымовпен және үйлестіру кеңесінің мүшесі, отставкадағы полковник Мәлік Қалиевпен бірге болдым. Сонда осы кісілерге жағдайымды айтқанмын. Олар барлық мәліметтерді алып қалып, Ресей Федерациясының Мәскеу, Подольск қалаларындағы мұрағаттардан құжаттарымды тауып, 2014 жылдың 15 сәуірінде өздері келіп табыстап кетті”, – деп қуанышымен бөлісті Жанат Әскерұлы.

Солардың араласуымен ғана ол Ауған соғысына қатысқандығы жөнінде құжаттарын қалпына келтірген.

Жанат Жарасбаев Бауыржан Момышұлы атындағы “Батыр шапағаты”, “Интернационалист-жауынгер”, “Әскери достастық”, “Ауған халқының алғысы – От благодарного авганского народа” медальдарымен марапатталған.

Елге 1990 жылы оралған Жанат бірден Ішкі істер органдарына кіреді. Түмен, Қарағанды қалаларындағы жоғары милиция мектебін бітірген Жанат Әскерұлы бірнеше жыл тергеу саласында қызмет етіп, кейін отбасылық жағдайларына байланысты қызметінен өз еркімен кетеді.

Қазір өзінің жеке бизнесі бар. Ол “Жарасбаев” жеке кәсіпорнын құрып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Бескөл ауылындағы ашқанына бес жыл болған “Саяхат” дәмханасын қазір жалға беріп қойған.

Жанат Әскерұлы негізінен құрылыспен айналысатын жеке кәсіпорнындағы шаруадан бөлек, былтырғы жылы Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласында “Нұр Отан” партиясының аудандық ғимаратын бір қолдан тұрғызып, “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша сол жерде 10 үй салып берген. Сонымен қатар Сергеевкадағы емхананы, Бескөл ауылындағы мешітті салуға да мердігер ретінде көмек жасаған.

– Қазір Элитное ауылында 60-70 балаға шақталған жекеменшік балабақшаның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Сол жерде шағын жылыжай салуды да қолға алмақшымыз. Жерін алып қойдық, енді таяуда құрамыз. Амандық болса, күзде өнімін аламыз деген ойдамыз. Қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Балабақша мен жылыжайды қолданысқа берсек, тағы жұмыс орындары ашылатын болады. Элитное ауылында картоп себетін 20 гектар жерім бар, – дейді болашақтағы жоспарларымен бөліскен Жанат Жарасбаев.

“Тәрбие – тал бесіктен” дегендей, бала күнінен тазалық, әділдік, нақтылық, ұқыптылық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өскен Жанат Әскерұлы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді де өзіне парыз санайды. Қолынан келгенше жалғызбасты қарттарға, кембағал жандарға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Балалар үйлеріне қайырымдылық жасап тұруды әдетке айналдырған. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері Құрбан айтында Қарттар үйінде құрбан шалса, Қадір түнінде Бескөлдің мешітіне жиналған 250-300 адамға тегін ас беріп келеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай Алматы қаласындағы интернационалист-жауынгерлердің үйлестіру штабы кеңесінің басшысы Жұмажан Ерғалымов, Жанат Жарасбаев, үйлестіру кеңесінің мүшесі Мәлік Қалиев.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp