Солтүстікқазақстандық дзюдошы Назгүл Маратова Еуропа ашық кубогынан қола медальмен оралды. Орынборда сегізінші рет өткізілген байрақты бәсекеде Армения, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Канада бастаған 15 елден 300 дзюдошы бақ сынасты.
Бұған дейін де небір бәсекеге түсіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жерлесіміздің қоржынында 2014 жылғы Азия ойындары мен 2015 жылғы Еуропа кубогының қола, 2016 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдесі бар.
Назгүл алғашқы кездесуде ресейлік Мария Зольниковаға есе жіберіп алғанымен, келесі белдесулерде қарсыластырын тізе бүктірді. 78 килограмға дейінгі салмақта күш сынасқан ол қола жүлде еншілеп, Қазақстан қоржыны екінші медальмен толықты. Бұған дейін Назгүл Елмұратова жеңіс тұғырынан көрініп, алтын тағынған болатын. Спортшы қыздардың мықты дайындығы мен еңбегінің арқасында еліміз жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Он алтын, тоғыз күміс және он төрт қола иеленген ресейліктер Еуропа кубогының жеңімпаздары атанса, үш алтын мен үш қола ұтып алған Канада құрамасы екінші орыннан көрінді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.