«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕГЕН НАРГИЗА

Ажарына ақылы сай Наргиза Темірбекова – өмірін әскери қызметке арнаған нәзік жандардың бірі. Қайсарлықты қанат еткен кейіпкеріміздің алдына қойған мақсаттары да көп. Солардың ішіндегі ең бастысы, ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, өзіне жүктелген жауапты жұмысты абыроймен атқару болып табылады.

Ер-азаматтармен иық тіресе еңбек атқарып жүрген оның әскери саланың бірінші баспалдағын басқанына 10 жылдай уақыт болыпты.

– Семей қаласындағы заң колледжін тамамдап, өмірімді әскери арнаға бұрып, осы жолда өзімді шыңдап көруді мақсат тұттым. Оған қазір ешбір өкінбеймін. Себебі, асқан қырағылықты, шыдамдылықты талап ететін осынау жауапты жұмыста қазақ қыздарының алар орны өзгеше екенін көрсетіп, сол бағытта оған қолымнан келгенше сүбелі үлес қосқым келеді, – дейді ол.  

Әрбір ісіне тиянақтылығы отбасынан түйген тәрбиесі болар, өйткені, анасы Алма мен әкесі Бауыржан – еліне елеулі, сыйлы азаматтар. Бүгінгі таңда Наргиза Тайынша аудандық ішкі істер бөліміне қарасты әкімшілік полиция бөлімінің әкімшілік тәжірибе инспекторы болып қызмет атқарады. Әділдікті, тиянақтылықты өзіне серік еткен полиция капитаны әр кез кішіпейіл. Осынау қарапайым қазақ қызына тән кішіпейілдікті, ұстамдылықты таныта білген оның мінсіз қызметіне, ақжарқын мінезіне әріптестері де риза. Жұмыспен қатар, үйдегі тірлікті де ұршықтай дөңгелеткен ол аяулы ана, сүйікті жар, қария күтіп, алғысына бөленіп отырған тәрбиелі келін.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp