Таяуда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ұлттық инвесторлардың кеңесінде отандық бизнесті дамыту мен инвестицияның өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шағын және орта бизнес орта тапты қалыптастырудың мықты іргетасы екендігін атап айтып, бұл сектордың дамуына оң баға берді. Алайда, Елбасы жақсы үрдістермен бірге келеңсіз жағдайларды да назардан тыс қалдырмай, Үкімет пен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының алдына келелі де ауқымды міндеттер қойды. Біздің өңірімізде шағын және орта бизнестің даму жағдайы туралы білмек болып, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкинаны әңгімеге тартқан едік.
– Нелли Филипповна, палатаның негізгі мақсаты кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, оның дамуына қолайлы жағдай жасау ғой. Бизнес көп жағдайда қандай проблемалармен жиі кездеседі және ол немен байланысты?
– Бізге электрмен және жылумен жабдықтауға, салық заңнамасына, жер қатынастарына, сот дауына, сот шешімін ұзақ уақыт орындамауға, экологиялық заңнаманың талаптарын орындаудың қиындығына байланысты өтініштер көп түседі. Мысалы, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Кәсіпкерлер палатасына заңдық көмек көрсету туралы бизнестің 134 субъектісі өтініш білдірді. Кәсіпкерлердің арызы мен жүгінулерін сараптай келе, көптеген мәселелердің шешімін таппай жатқандығы қолданыстағы заңнамалардың жетілдірілмегендігінде екендігіне көз жеткіздік. Екінші мәселе – бизнес жүргізу бойынша қажетті білім мен іскерліктің жоқтығы. Әсіресе, ауылдық жерлерде кадр мәселесі өзекті болып тұр. Сонымен бірге, қаржы ресурстарының қолжетімді болмауы да шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Өйткені, кез келген кәсіпкер жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуға кредит алу үшін сергелдеңге түседі. Кепілдік бойынша екінші деңгейдегі банктердің қоятын жоғары талабы өсемін және дамимын дегендердің өзін түп-тамырымен жойып жіберетіндей. Жекелеген салаларда әзірленген жобалардың жоқтығы да проблема болуда.
Жаңа істі ашар кезде бизнес өкілдеріне монополист кәсіпорындар қиындық туғызады.
– Ұлттық инвесторлардың кеңесінде Мемлекет басшысы тағы да бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Осындай әкімшілік кедергілерді жою үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқандығын айта кетсеңіз.
– Біріншіден, Ұлттық палатада кәсіпкерлер мәселелерінің тізілімі және оларды шешудің картасы жасалған, оған бизнестің 277 жүйелі мәселесі енген. Ақпараттардың негізгі көздері өңірлік палаталардың, сол сияқты салалық қауымдастықтардың берген мәліметтерінен және кәсіпкерлердің өздерінің жүгінулерінен құралады. Парламент Мәжілісінің комитеттерімен тығыз байланыс орнаған. Кәсіпкерлер палатасы заң жобасы мен рұқсат беру жүйесін оңтайландыруға арналған ведомствоаралық комиссиялардың, Индустрия және жаңа технологиялар, Қаржы, Өңірлік даму, Экономикалық даму және Сауда министрліктері жанындағы сараптау топтарының, бизнеске қатысты басқа да комиссиялардың жұмыстарына белсене қатысады. Мысалы, заңдарға тексеру жүргізудің нәтижесінде тек ақпан айында ғана Ұлттық палата 217 түзету әзірледі, оның 93-і қазірдің өзінде мақұлданды.
– Сөзіңізге қарағанда, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын Үкіметтің толыққұқылы әріптесі деп нық сеніммен айтуға негіз бар сияқты. Сіздер бизнеске заңдық консультацияларды қалай бересіздер және олардың жүгінулерін қалай қарайсыздар?
– Біріншіден, айтып өткеніміздей, бізде өтінімдер мен проблемалардың тізілімі жасалған, республика бойынша бірыңғай нөмірлі Сall-орталық әрекет етеді. Бұдан басқа кез келген кәсіпкер кеңсемізге келіп, мұқият зерттеумен және шешумен айналысатын біздің сарапшыларға өздерінің проблемалары жайлы айтып бере алады. Сол сияқты, палатада салалар бойынша 7 сараптама кеңесі және энергия мәселелері бойынша республикада бірінші болып құрылған консультациялық орталық жұмыс істейді. Кәсіпкерлер мұндай қолдау тетігін пайдаланудың мүмкіндігін бағалап та үлгерді. Консультациялық орталық олардың өтінімдерінің 75 пайызын шешіп берді.
Палата Президенттің шағын және орта бизнесті дамытуға және бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған барлық тапсырмасын орындауға ниетті екендігін бизнес өкілдері түсінеді. Міндетті мүшелік жарна есебінен палата кең көлемді тегін сервистік, ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетеді.
– Кәсіпкерліктің аясы кең, сіздер олардың барлығын қамти аласыздар ма?
– Бизнесті жүргізіп отырған өңіріне қарамастан, кез келген кәсіпкер Ұлттық палатадан, олардың өңірлік және аудандық филиалдарынан көмек сұрай алады. Біздің ұйымға мүше болу міндетті, сондықтан елде тіркелген барлық кәсіпкердің біздің қызметімізді пайдалануға мүмкіндігі бар. Жалғыз талап – міндетті мүшелік жарнаны төлеу. Салықты есептеу кезінде ол алынып тасталады.
Бизнес ахуалды жақсарту, әкімшілік қысымды бәсеңдету жөніндегі ұсыныстар мен шаралар Президенттің Жарлығында көрініс тапқандығын, осының өзі елімізде бизнес жүргізу үшін жағдайды түбірімен өзгертуге мүмкіндік беретінін, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына Мемлекет басшысының жоғары сенім білдіріп отырғанын айту жөн.
– Шынында да, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел экономикасын көтерудің басты шарты ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Нелли Филипповна, Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға қандай баға бересіз?
– Оң баға беремін. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өңірде 25181-ге жетті, бұл тіркелгендердің 61 пайызы. Оның 79,6 пайызын жеке кәсіпкерлер құрайды, шаруа қожалықтары – 11,9, заңды тұлғалар – 8,5 пайыз. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өңірлік жалпы өнімге қосқан үлесі 2007 жылдан бері 6 пайызға артып, 2012 жылы 25,6 пайызды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 8,3 пайызға артық. 2013 жылы ШОБ субъектілері шығарған өнімдердің, тауарлардың және көрсеткен қызметтердің сомасы 294 677 млн. теңге болды. Осыған қарап, солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тиімді жұмыс істейді дей аламыз. Облысымыздағы бір субьектінің шығаратын өнімі 11,7 млн. теңгені құрайды, бұл республикалық орта көрсеткіштен 13,6 пайызға артық.
Әңгімелескен
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.