“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында “ҚазАгро” Ұлттық басқару холдингі” АҚ-ның қолдауымен “Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелік серіктестіктердің жай-күйі және даму перспективасы” тақырыбында өңірлік конференция өтті. Оған депутаттар, әкімдіктердің, холдингтің, корпорацияның, “Даму” қорының, халықаралық қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары мен басшылары, несиелік серіктестіктердің қызметін пайдаланушылар қатысты.
“Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелік серіктестіктердің қауымдастығы” ЗТБ басқармасының төрағасы Төлеутай Рахымбеков ең алдымен несиелік серіктестік 2001 жылы “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы мемлекеттің қолдауымен ауылшаруашылық тауарөндірушілерін төмен пайызды несиемен қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерде құрыла бастағанына тоқталды.
Жоба аясында елдің 12 өңірінде несиелік серіктестіктердің жетекшілері мен бас есепшілері, несие менеджерлері мен әкімшілік қызметкерлері, заңгерлер және кепілдікпен қамтамасыз ету мамандары үшін 10 күндік оқыту курстарын ұйымдастыру, “Несиелік серіктестіктердің жай-күйі және даму перспективасы” тақырыбында өңірлік конференциялар өткізу қарастырылған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың сөзіне қарағанда, Қызылжар өңірінде 13 несиелік серіктестік жұмыс істейді, олар 516 агроқұрылымды біріктіріп отыр. Қаржылық серіктестіктің жарғылық капиталы 721 млн. теңгені құрайды, ал несиелеу лимиті 6 млрд. теңгеден асады. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 21 млрд. 245,5 млн. теңгенің несиесі берілді. Қаржы негізінен көктемгі-күзгі науқандарды өткізуге, техникалар алуға, өндірістік ғимараттарды қалпына келтіруге, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламаларын жүзеге асыруға пайдаланылуда. Корпорация қазіргі уақытта 5,0 млн.-нан 30 млн. теңгеге дейін кредит бере алады. Осының бәрі өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.