Мұғалімдер күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ерекше мереке ұйымдастырылды. Білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарды ұлықтауға арналған бұл жиын – шын мәнінде рухани мазмұны терең, жүрекке жылы тиетін маңызды іс-шара болды.
Мерекелік жиынның шымылдығы театрдың әсем безендірілген сахнасында жүргізушілердің әсерлі сөзімен ашылды. Алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке берілді.
– Ұстаз – әрдайым қадірлі және қастерлі тұлға болып саналады. Ұстаз болу — тек кәсіп емес, білім мен тәрбиеге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Еліміздің болашағы – жастарды жақсылыққа баулуда мұғалімдердің қосатын үлесі орасан зор, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.
Салтанатты шара барысында өз саласында ерекше жетістіктерге жеткен бірқатар мұғалім арнайы марапаттарға ие болды. Ұстаздарға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – білім беру ісіне сіңірген адал еңбектің, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестің лайықты бағалануы екені сөзсіз.
Іс-шарада Ұстаздар күні қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Уәлиханов ауданындағы Мортық орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сейітова мен Петропавл қаласындағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледждің арнаулы пәндер оқытушысы Саруар Базарбаеваға құрмет көрсетілді. Оларға берілген жоғары марапат – көп жылғы қажырлы еңбегі мен педагогикалық шеберлігінің, сондай-ақ оқушылардың білім деңгейін арттыру жолындағы үздіксіз ізденісінің жарқын нәтижесі.
– Жоғары марапат – шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда қажырлы еңбек етіп жүрген бүкіл ұстазға көрсетілген құрметтің белгісі, – деді Гүлжан Қапезқызы.
Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Өңірдің өнер ұжымдары көрерменге мерекелік көңіл күй тарту етті. Дәстүрлі және заманауи эстрадалық әндер, хореографиялық қойылымдар көрермен көңілінен шықты. Әсіресе оқушылар мен колледж студенттерінің дайындаған көріністері мен ұстаздарға арналған жүрекжарды өлеңдері салтанатты кештің мәнін аша түскендей болды.
Мерекелік іс-шараның мақсаты – тек марапаттау емес, ұстаздарға деген шынайы құрмет пен алғыс сезімін білдіру. Ұстаздық – мамандық қана емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен жан дүниенің тазалығын талап ететін миссия. Қоғамда мұғалімдердің рөлі артып келе жатқан тұста осындай марапаттар олардың еңбегін бағалап, шабыттандыра түсетіні сөзсіз.
Салтанатты іс-шара соңында көрермен сахна төріндегі өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ыстық ықыласқа бөледі.
Назым ЕСІМ,
«Soltüstık Qazaqstan».