Елбасының Жарлығына сәйкес 2014 жылдың 1 қыркүйегінен мүлікті жария ету акциясы басталған болатын. Ондағы мақсат көлеңкелі айналымда жүрген қаржыны заңды капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат ретінде тарту болды. Акция 2016 жылдың соңғы күніне дейін жалғасып, бүгінде науқанды шараның қорытындысы шықты.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың айтуынша, мүлікті заңдастыру акциясы кезінде солтүстікқазақстандықтардан 1237 өтініш түскен. Оның 388-і – жылжымайтын мүлік, 1723-і – тұрғын үй емес нысандар. Облыс бойынша 6006 миллион теңгенің мүлкі жария етілді. Мемлекеттік кірістер органы арқылы шетелдердегі 18 нысан заңдастырылып, 80 миллион теңге жария етілді. Республика аумағындағы жария етілген үш нысанның құны 16 миллион теңгені құрады. Осы уақытта 13058,6 миллион теңге заңды түрде айналымға түсірілді. Немесе 146 декларация толтырылды.
Мүлікті жария ету акциясы жүргізілген екі жыл төрт айда облыстағы екінші деңгейдегі банктердің филиалдары арқылы 138 шот ашылып, оған 14960,8 миллион теңге салынды. Осы мақсатты, жоспарлы жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар ақпараттық шараларды ұтымды жүргізген.
Мүлік, ақша, жарғылық капиталға қатысу үлесі бар қазақстандықтардың және осы елде тұруға ықтиярхаты бар адамдардың, оралмандардың көлеңкелі айналымда жүрген ақшаларын, мүліктерін заңдастыру акциясы осымен үшінші рет өткізілді. Соңғы науқан елімізде кірістер мен мүліктердің жалпыға бірдей декларациясын қолдану тәсілінің алдында орындалды. Бұдан әрі қаржылары мен мүлкін заңдастыруға бейжай қарағандар әкімшілік жазаға тартылатын болады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.