
Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көмек алуға 107 мыңға жуық адамнан өтініш түсті.
СҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мәліметінше, 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алуға 106 мың 955 адамнан өтініш түскен. Алайда олардың 1 131-іне төлем тағайындаудан бас тартылды. «Бұл адамдарға төлем тағайындалмауының бірнеше себебі бар. Мәселен, төтенше жағдай енгізілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түспеген. Кейбірі екі және одан да көп жұмыс берушіден табыс алып, еңбегін немесе кәсіпкерлік жұмысын қашықтан жалғастырған. Сондай-ақ кей тұрғындар бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы сияқты төлемдер алса да әлеуметтік төлемге өтініш берген», – дейді СҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ директоры Анар Жүнісова. Нәтижесінде жалпы сомасы 4 млрд 480 млн теңге 105 мың 429 адамға тағайындалды. Ал өңір бойынша 2 306 адам әлеуметтік төлемді төтенше жағдай кезеңінде кірістерінің болуына байланысты өз еріктерімен қайтарды. «Біздің қор төтенше жағдайға байланысты берілген әлеуметтік төлемнен басқа жыл басынан 11 мыңға жуық адамға 1 040,7 млн теңге төледі. Олар еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылғандар. Жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алуы бойынша 359,2 млн теңге 1 мың адамға, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты 432,7 млн теңге 5143 адамға төленді», – дейді Анар Жүнісова.
www.inform.kz/