«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТАҒЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жекешелендіру жөнінде міндет жүктеді. Ол экономика салаларының тиімді жұмыс істеуін жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және салық салынатын базаны кеңейтуге мүмкіндік беруге тиіс.

Соған орай Солтүстік Қазақстан облысында жекешелендірудің жаңа толқыны қалай өтетіндігі жөнінде қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановты сөзге тартқан едік.

– Ескен Мырзахметұлы, 2016 жылға дейін облыстың қандай нысандары жекешелендіруге жататындығын айтып берсеңіз?

– 2014 жылы облыстық бағыныштағы 3 кәсіпорын жекешелендіруге жатады: қыркүйекте – “Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы” КМҚК; қазанда – “Есіл” волейбол клубы” КМҚК; қарашада – “Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы” КМҚК. Қазіргі уақытта осы кәсіпорындардың мүліктерін бағалау жүргізілді.

2016 жылы тағы облыстың коммуналдық меншігіндегі екі нысанды саудаға шығару жоспарланып отыр. Олар: “Олимпиада чемпионы Александр Винокуров атындағы құрлықтық велосипед клубы” (қазан) мен “Қарасай” спорттың олимпиадалық емес түрлері бойынша жоғары спорттық шеберлік мектебі” КМҚК (қараша).

– Сіз облыста жекешелендіруге жататын бірнеше нысанды атадыңыз. Сонда саудаға шығарылатын нысандардың тізімі қалай анықталады?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 12 мамырдағы №429 қаулысымен бекітілген жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізіміне Солтүстік Қазақстан облысының 39 ұйымы енген, оның 26-сы – коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар, 13-і – “Солтүстік ӘКК” ҰК” АҚ-ның еншілес ұйымдары.

Соның негізінде 2014 жылы 9 маусымдағы (2014 жылғы 31 шілдедегі өзгеріспен) әкімдік қаулысымен 2014-2016 жылдары жекешелендіруге жататын Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіндегі нысандардың тізімі бекітілді. Аудандар мен Петропавл қаласы әкімдіктерінің сәйкес түрде қаулылары шықты. “Солтүстік ӘКК” ҰК” АҚ директорлары кеңесі бәсекелес ортаға берілуге жататын ӘКК-нің еншілес кәсіпорындарының тізімін бекітті.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі 2014 жылы 7 маусымда облыстың коммуналдық меншігіндегі нысандар мен “Солтүстік ӘКК” ҰК” АҚ-ның еншілес ұйымдарын сату кестесін бекітті. Сатудың нақтыланған кестесіне 2014 жылы 27 тамызда қол қойылды.

– Нақты кәсіпорындар бойынша жекешелендіру мен сатудың барысы туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

– “2014-2016 жылдары жекешелендіруге жататын Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіндегі нысандардың тізімі туралы” Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2014 жылғы 9 маусымдағы №168 қаулысы облыстық қаржы басқармасының ресми сайтында жарияланды.

Электронды тендер өткізу туралы ақпараттық хабар “Заң” және “Юридическая газета” газеттеріне, Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасы мен www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімі сайттарына жарияланады. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру үшін қажетті құжаттардың толық тізімі тізілімнің веб-порталында жарияланды.

– Мемлекеттік нысандарды сату қалай жүзеге асырылады?

– Сату Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы “Жекешелендіру нысандарын сату ережесін бекіту туралы” №920 қаулысына сәйкес www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында жүргізіледі.

– Тендер қандай тәртіппен өткізіледі?

– Тендер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы “Жекешелендіру нысандарын сату ережесін бекіту туралы” №920 қаулысында анықталған тәртіппен өткізіледі.

– Жекешелендіру процесі заңнама талаптарына сәйкес өту үшін қандай шаралар сақталуға және орындалуға тиіс?

– Жекешелендірудің барлық рәсімдері Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-V “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңы мен ҚР Үкіметінің 2011 жылы 9 тамызда бекітілген №920 Жекешелендіру нысандарын сату ережелеріне сәйкес өткізіледі.

– Бүгінгі күні облыста жекешелендірудің екінші толқыны аясында қандай шаралар өткізілуде?

– Қазіргі уақытта 3 кәсіпорынды бағалау жүргізілді.

“Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы” КМҚК 2014 жылы 2 қыркүйекте электронды тендерде 26 691,5 мың теңгеге сатылды. “Есіл” волейбол клубы” КМҚК-ні сату жөнінде үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекке белгіленген электронды тендер өтінімнің болмауына байланысты өткен жоқ. “Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы” КМҚК-ні сатуға арналған тендер 16 қыркүйекте өтті. Алайда, уақыттың өтіп кетуіне, тендер жеңімпазының сатып алу-сату келісіміне қол қою құқығын жойып алуына байланысты сатып алу-сату келісіміне қол қойылған жоқ.

“Есіл” волейбол клубы” КМҚК мен “Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы” КМҚК-ні сатуға арналған электронды тендер 2014 жылғы 28 қазанға жоспарланып отыр.

– Енді ең соңғы сауал: жекешелендірудің екінші толқынының қандайда бір ерекшелігі бар ма?

– Жекешелендіру Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-ІV “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңы мен ҚР Үкіметінің 2011 жылы 9 тамызда бекітілген №920 Жекешелендіру нысандарын сату ережелеріне сәйкес өткізіледі және екінші толқында басқалай ерекшелік қарастырылмаған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp