Елбасы “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында: “Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы”, – деді. Ал тарих дегеніміз халықтың басынан өткерген күндері, ел өмірінің белестері, айшықты сәттері мен жадында сақталған оқиғалар жылнамасы.
Шынымен де, келешек ұрпаққа осындай өшпес шежірені, сол дәуірдің үнін жеткізу жолында баспасөз құралдарының рөлі зор десем, сөзімді жоққа шығаратын адам табыла қоймас. Өйткені, кешегі тарихты газеттің сарғайған беттерінен оқи аласыз. Орыстың ұлы ойшылы А.Герценнің: “Баспасөз құралы – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті, дүниеден кетіп бара жатқан қарияның өмірге қол сермеген жігітке айтқан ақыл-кеңесі, тынығуға кетіп бара жатқан сақшының өзінің орнына келген адамға берген бұйрығы”, – деген сөзі де біздің ойымызды құптап тұрған жоқ па?!
Ғасырға жуық жолды өтіп, бүгінгі күннің биігіне шыққан “Soltustik Qazaqstan” газеті де әр кез өңір өмірін қарасөзбен кескіндеп, өлеңмен өрнектеп келеді. Көпшілік “қасиетті қарашаңырақ” деп әспеттейтін басылым жүз жылға жақын уақыт оқырмандарымен бірге. Алдағы уақытта да халықтың жанынан табылуды өзінің мақсат-мүддесіне айналдырып отыр. Сондықтан да газет ұжымы мерзімді баспасөзге жазылу науқанына орай аудандарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде.
Бүгінгі күнге дейін басылым тілшілері облыс орталығындағы әл-Фараби мектеп-лицейі, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты, қазақ мектеп-гимназиясы, қалалық классикалық гимназия, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп ұжымымен жүздесті. Аққайың, Қызылжар аудандарының тұрғындарымен де емен-жарқын әңгіме барысында газеттің өткен тарихынан, бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертіліп, жиналған қауым әдемі әсерге бөленгенін айтып өткен жөн. Сөзімізге дәлел, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменовтің Аққайың ауданының Аралағаш ауылындағы Қайырбек Оразов атындағы орта мектептің ұжымымен кездесуінен кейін осы білім ордасы директорының орынбасары Айман Әбілтаева басылымның әр нөмірінде жарық көріп жүрген “Жанашыр сөзі” айдарына үн қосып, баспасөздің қоғам өміріндегі өзіндік орны жайлы жүрекжарды ойын жеткізген болатын. Иә, абыз жастағы басылымды анасындай ардақтап, әкесіндей құрметтеп төріне қоятын оқырмандарымыз аз емес. Әрқашан газет ұжымы соларға арқа сүйейді. Осы күнге дейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, еңбек ардагері Тілек Әбдірахманов, Шал ақын ауданының тұрғыны, өңірімізге белгілі кәсіпкер Талғат Теменов, “Дайындық-Агро” ЖШС-нің жетекшісі Біржан Шәймерденов, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова, тағы басқа жанашырларымыз “Soltústіk Qazaqstan” газетіне жазылуға жұртшылықты жұмылдыруға өз үлестерін қосуда.
Ауылдарға жолымыз түсе қалса, ол жақтан да газетті ұлт руханиятының жоқтаушысы деп төбесіне көтеріп, тілшілердің тілекшісіне айналған оқырмандарымыз табылып жатады. Өткен аптада тектіліктің тамыры үзілмеген Уәлиханов және Ақжар аудандарына табанымыз тигенде жұртшылықтың басылымға деген ақжарма тілегін естіп, бізге деген шынайы пейілдерін көріп қайттық. Осылай болуы да заңдылық секілді. Өйткені, “Soltustik Qazaqstan” газеті қай кезде де елдің мұңын айтып, билік пен тұрғындар арасындағы алтын көпірге айнала білді. Сонымен қатар көзі қарақты оқырман қарашаңырақты алаштың арда ұлдары – Мағжан Жұмабаевтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Жақан Сыздықовтың, Шахмет Құсайыновтың, Әбділда Тәжібаевтың, Дихан Әбілевтің, Әбдірахман Айсариннің, Сафуан Шәймерденовтің, тағы басқа атақ-даңқы алысқа жайылған асылдардың қаламының ізі қалғаны үшін де қадірлейді.
Уәлиханов ауданының №1 Кішкенекөл орта мектебінде өткен кездесуде ұстаздарға басылым директоры Жарасбай Сүлейменов алғашында “Кедей сөзі”, кейін “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаулармен жарық көрген газеттің небір қиын-қыстау уақытта да ана тіліміздің, ұлттық құндылықтардың жоқтаушысына айналғанын жеткізді. Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етіп келе жатқан басылымның көздегені бүгінгідей ақпараттық технология төрімізге озған заманда өскелең ұрпақтың өз жадынан, ұлттық болмысынан айрылып қалмауына тамшыдай болса да үлес қосу екенін айтты.
– Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанға дейін облыс орталығында небәрі бірақ қазақ мектебі болған еді. Ол – қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты. Азаттықтың айшықты күні келіп, бақытқа қолымыз жеткенде қаладағы үшінші мектептің жанынан қазақ тіліне жанашыр азаматтар өзіміздің қаракөздер үшін сынып ашу жөнінде бастама көтеріп, әрбір қазақ шаңырағының есігін қағып жүріп, небәрі 20 бүлдіршіннің ата-анасын әзер көндірді. Естімеген сөзіміз жоқ, соның өзінде газет журналистері табандап жүріп, қазақ сыныбын ашуға осылайша қол жеткізді. Ал бүгінгі күні Қызылжарда ұлттық тілде білім беретін алты білім мекемесі бар. Тәубе, сол білім ұяларына қазақ балалары сыймай жатыр. Бүгінгі күні “Жас өркен” шағынауданында жаңа мектеп салынуда. Оның жас ұрпақ игілігіне берілетін күні алыс емес. Журналистер әркез шындықтың бетіне тура қарап, халықтың барын бүтіндеп, жоғын түгендеуге қолдарынан келгенше атсалысуды өздерінің парызы деп біледі. Сондықтан қазақ тілінде шығатын жалғыз басылым – “Soltustik Qazaqstan” газетіне жазылу, ең алдымен, халқымыздың ауыз бірлігі, ынтымағы үшін қажет, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Шынымен де, газет халықтың көкейіндегі сөзді айтудан ешқашан тартынған емес. Алдағы уақытта да солай болмақ. Кейбір кездесулерде “ақпараттық технологиялар дамып жатыр, қағаз түріндегі баспасөз құралдарының керегі бар ма?” деген сөздер де алдымыздан шығып жатады. Мысалы, Түркия елінің “Заман” деген газеті миллион данамен Германия, Италия, Франция елдеріне де тарайды. Дамыған елдердің көшбасында тұрған Жапонияның бас басылымы үш миллион таралыммен шығады. Еуропа елдерінде күніне екі мәрте, таңертең және кешке жарық көретін газеттер бар. Интернет асыл дүниелерді бере алмайды. Ешқандай өзін сыйлайтын ғалым, жазушы өз мақаласын ғаламторға ұсынбайды, газетке жариялайды. Сондықтан әлеуметтік желілер газеттің орнын баса алмайды.
Ақжар ауданының Талшық ауылындағы Бестерек орта мектебінде және Алқатерек ауылында өткен кездесулерде де “Soltustik Qazaqstan” газетінің мақсат-мүддесі жайлы әңгіме қозғалды.
Өткен жылы газет таралымы он мыңға жеткенде сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер – тұрақты оқырманымыз редакцияға арнайы келіп, қуанышы қойнына сыймай тұрғанын айтқан еді. Бізге әрдайым жанкүйер болып отыратын оқырмандарымыз аз емес. Жасыратыны жоқ, өңіріміздің бас басылымы талай қиындықтарды басынан кешірді. Кеңес өкіметі тұсында солақай саясаттың кесірінен жабылып қалған кез де болған. Ал бүгінгі күні елдің-жердің иесі атанып, азаттыққа қолымыз жеткенде халық та бізге қолдау көрсетеді деп ойлаймыз. Келесі жылы алаштың арыстары қызмет атқарған басылым ғасыр жастың төріне озғалы отыр. Газетімізді жұртшылық қолдап, таралымы көбейіп, жүзжылдық мерейтойға абыроймен жетіп жатсақ сол кісілердің әруақтары риза болар еді.
Озық ойдың бойтұмары атанған “Soltustik Qazaqstan” газеті отбасы құндылықтарын, жастар мәселесін, еңбегімен елге үлгі бола алатын аға буын өкілдерін, бір сөзбен айтқанда, қоғамды жақсылыққа жұмылдыру жолында аянбай тер төгіп отыр.
Қайыркеш ЖҰМАТАЕВ, Алқатерек ауылының тұрғыны:
– Алқатерек – қазақылықтың қайнары үзілмеген ауылдардың бірі. Біз бірлік, ынтымақ жайлы көп айтамыз. Бұл тілдің ұшындағы ғана сөз емес. Жүрегі жұртым деп соққан әрбір қазақ азаматы ауызбіршілігімізді іспен дәлелдеуі қажет. Сондықтан барша ауыл тұрғындары ғасыр жастағы басылымды қолдап, жазылуы тиіс. Небір арыстардың қолтаңбасы қалған, бүгінгі күні “Ахуалың қалай, ауыл?”, “Алдыңғы толқын”, “Туған жер”, тағы басқа айдарлары бар газетті өз басым іздеп жүріп оқимын. Бұған дейін де жазылып жүрдім, алдағы уақытта да қол үзбеймін. Газет бетінде біздің ауыл жайлы да бірнеше рет мақала жарияланды. Ауыл тұрғындары қаламды қару еткен тілшілер қауымынан тұщымды материалдар күтеді.
Сансызбай ҚАЛИЕВ, Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бүгінгі күні аудандық ардагерлер кеңесі де, ауылдық округтегі бастауыш ұйымдар да “Soltustik Qazaqstan” газетіне бір кісідей жазылды. Жүрген жерімізде ел ағалары – алдыңғы толқын облысымыздағы бас басылымның шашбауын көтеріп, үгіт-насихатын айтып жүреді. Биыл ұлтымыздың ұлы перзенттері Қожаберген жыраудың – 355, Сегіз серінің – 200, Ақан серінің – 175, ал Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойларына орай қаншама мақалалар, ғалымдардың еңбектері жарияланды. Көпшілік біле бермейтін дүниелерді газеттен тауып отырамыз. Бұрын әкелеріміз, аталарымыз сауаты аз болса да, газетті жаздырып алатын. Тракторшы құрдастарымыздың қонышында газет жүретін. Ал қазір егемен ел болып, дамыған мемлекеттермен тереземізді теңестіруді мақсат тұтып отырғанда тарихты білу, елдігімізді мақтаныш ету, ұлттың рухын көтеру, рухани байлықты дамыту мәселесін “Soltustik Qazaqstan” тілшілері жеріне жеткізіп айтып та, жазып та жүр. Ендеше, елдің ертеңін ойлаған газетке неге жазылмасқа?! Меніңше, жүрегінде қазақылықтың оты бар адам “Soltustik Qazaqstan”-ға жазылады.
Болат ЗӘКЕНОВ, Талшық ауылындағы Бестерек орта мектебінің директоры:
– Біз журналистердің тілге, ділге, ұлтқа жанашырлығын жақсы білеміз. Біздің мектеп тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ашылған білім ордасы. Азаттықтың арқасында көп жақсылықтарға қолымыз жетіп отыр. Әр кез қазақтың жоғын жоқтап жүретін басылымның таралымын көбейтуге баршамыз қолдан келгенше атсалысуымыз керек. Күш біріктіріп жұмыс істесек, талай жақсылыққа қол жеткізе аламыз. Бүгінгі кездесуде интернеттен бас көтермейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны жайлы сөз болды. Шынымен де, жас өрендер ғаламтордың тұңғиығына батып барады. Қоғамды қатыгездік жаулауда. “Тәрбиесіз берілген білім қауіпті” дегендей, газет – тәрбие құралы. Халықтың барлық топтарының сұранысын қанағаттандырып отыр. Ұлттың рухын көтеретін, тарихқа тереңдеп бойлайтын мақалалар үзбей жарияланып тұрады. “Тағылым” қосымшасының да айтары аз емес. “Замандас бейнесі” айдарымен үздік ұстаздар жайлы мақалалар жарияланады. Қай тақырыпты алсақ та, жарық көріп жатқан мақалалар көңілден шығады. Басылым көтеріп отырған әрбір мәселенің жүгі ауыр. Газет – қағазға басылған тарих. Сондықтан біз, ұстаздар, ертеңгі ұрпақтың келешегі үшін “Soltustik Qazaqstan”-ды қолдауымыз керек.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.