«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙ ЖЫЛДАМДЫҒЫН ДАМЫТУ

“ISMA-KAZAKHSTAN” халықаралық менталды арифметика мектебі Солтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдан жұмыс істеп келеді. Орталықтың шәкірті Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы Райымбек Төлеген облыстық “Зерде” ғылыми жобалар байқауында 1-орынға ие болды. Райымбек “Менталды арифметика – ой мен өмір жылдамдығы” атты жобасын республикалық байқауда қорғайды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Үстіміздегі жылдың 5 наурызында менталды арифметикадан бірінші қалалық олимпиада өткізіледі. Оған орталықтың барлық балалары қатысады. Чемпион атанғандар маусым айында Алматы қаласында өтетін халықаралық олимпиадада облысымыздың намысын қорғайды. Біз жыл соңында Оңтүстік Африкада өтетін дүниежүзілік олимпиадаға да қатысуды жоспарлап отырмыз.

Халықаралық менталды арифметика мектебінің әдістемесі қазақстандық балаларға арнайы әзірленген. Біз дүниежүзілік менталды арифметиканы оқыту орталықтарын дамыту және олардың мүддесін қорғаумен айналысатын “PAMA Global” қауымдастығына мүшеміз. Біздің әдістеме бойынша Ресей, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жұмыс істеп жатыр.

Менталды арифметиканы пайдалану арқылы балалар кез келген есепті калькулятордан да бұрын өте жылдам ойша санай алады. Балалар қосу, азайту, көбейту, бөлу, санның түбірін табу сияқты қиын тапсырмаларды санаулы секундтарда ойша есептеп, нәтижесін бірден айтады.

Менталды арифметика бағдарламасымен шыңдалған балалардың ойлау жылдамдығы, есте сақтау қабілеті, тиянақтылығы артады, оқуға көзқарасы жақсарып, сабақ үлгерімі жоғарылайды. Күнделікті 15-20 минут уақыт абакуспен жаттығу баланың басқа сабақтарды тез ұғып алуына, үй жұмыстарын қиналмай орындауына септігін тигізеді.

Асыл ТҰРЫБАЕВА,

“ISMA-KAZAKHSTAN” менталды арифметика мектебінің нұсқаушысы.

СУРЕТТЕ: Р. Төлеген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp