
Адамның адалдығын анықтауға арналған “жалғандық детекторы” жайында не білесіз? Оған полиграф мамандар бетпердені сыпырып, ақиқатты ақтарып салатын “ақылды құрал” деген анықтама берсе, “техниканың аты техника, ақауы кетсе, арандатады” деген пікірді ұстанушылар да аз емес. Елімізде “жалғандық детекторына” құқықтық мәртебе беру мәселесі қай деңгейде? Аталмыш құрылғы қаншалықты сенімді? Осындай сауалдардың жауабына облыстағы жалғыз полиграфолог-маман Олег Макеевпен әңгімелесу барысында қанық болдық.
– Олег Иванович, сіз “жалғандық детекторының” тілін меңгерген солтүстік өңірдегі жалғыз мамансыз. Шындыққа қол жеткізудегі құпиясы көп қондырғының сырын қайдан үйрендіңіз?
– 90-ыншы жылдары Новосібір университетін психология мамандығы бойынша тамамдаған соң сауда-саттықпен, компьютер жабдықтарын жөндеумен айналыстым. Кейін Мәскеудегі Жалғандық детекциясы академиясына түсуге бел будым. Екіжылдық оқу аяқталған соң осы мамандық бойынша Мәскеуде үш жыл қызмет еттім. Кейін жақындарым, туған-туыс, дос-жарандарым тұратын Петропавл қаласына келіп, жеке полиграфолог-маман ретінде қызмет көрсете бастадым.
– Полиграф пен полиграфологқа жүктелер міндеттерді жіктеп берсеңіз.
– “Жалғандық детекторы”, яғни полиграф адамның шынайы не өтірік айтып тұрғандығын анықтайтын сенімді құрал болып табылады. Тестілеу кезінде тыныс жолдары, қан қысымы, қан тамырлары, iшкi секреция бездері, аяқ-қолдардың ерiксiз қозғалысы, тiл фиксациясы тексеріледі. Полиграфтық тест қорытындысы 99 пайызға дейін сенiмдi ақпарат береді. Тексерілетін адамға тағылған сымдар қан қысымын, тыныс алу жиілігін, терлеу деңгейін өлшейді. Нәтижелер қисық сызықшалар болып компьютерде жазылып жатады. Полиграфолог бастапқыда алдын ала белгілі сұрақтарды қоя бастайды. Мәселен, “Сіздің есіміңіз кім?”, “Бүгін аптаның қай күні?” деген сұрақтардың жауабы кезінде сынақтан өтушінің қалыпты жағдайдағы тамыр бүлкілі мен тынысы байқалады. Одан кейін күрделі сұрақтар қойылады. Мәселен, қылмысқа байланысты. Егер адам өтірік айтатын болса, оның жүрегі тезірек соғып, көбірек терлейді. Ондай өзгерістер бірден қисық сызықшалар болып көрінеді. Тәжірибелі маман “жалғандық детекторының” жазбалары бойынша нәтижелерді сараптау арқылы сынақтан өтушінің жалған айтқанын немесе айтпағанын нақты анықтай алады. Зерттеу жұмыстары бірнеше тесттен тұрады. Әрқайсысы 50-60 сұрақтан құралған 5-6 тестілеу жүргізіледі. Жалпы алғанда 250-ге жуық сұраққа жауап беру қажет.
– “Жалғандық детекторы” бүгін пайда болған жаңалық емес. Бұл қондырғы басқа елдерде талай жылдан бері қолданылып келеді емес пе?
– Иә, КСРО-ның өзінде көп жылдар бойы қолданылған. Тіпті, американдықтар жалғандық детекторының көмегіне 1921 жылдардан бастап жүгініп, тергеу ісіне пайдаланып келеді. Бүгінде 60-қа жуық елде полиграфты ресми түрде тіркеген. Әсіресе, жеке компаниялар, фирмалар, банк жүйесі осы құрылғыны өз қызметтерінде кеңінен пайдалануда.
– Ал біздің елде полиграфты қолдану аясы кең бе?
– Олай деуге келмейді. Десек те, көптеген жеке кәсіпкерлер “жалғандық детекторының” “ақылына” жүгiну арқылы қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды iшкi тәртiптерiнiң бiрiне айналдырып алған. Жұмыс сұрай келген адамның өткен өмiрiнiң көлеңкелi жақтары дәл осы “жалғандық детекторының” көмегiмен әшкере болып жататын жайттар жиі кездеседі. Десек те, бізде полиграф қызметі қарқынды даму үстінде дей алмаймыз. Өткен жылдары Қазақстан бойынша белсенді жұмыс істеп жүрген 17 кәсіби полиграфолог бар болатын. Жалпы мұндай мамандардың саны ел бойынша 50-ден аспайды.
– Құқық қорғау органдарында әріптестеріңіз бар ма?
– Менің білуімше, біздің облыста жоқ. Жақында “Құқық қорғау қызметі” туралы заңның кей баптарының орындалуын жүзеге асыруға арналған полиграф қызметіне қатысты Үкімет қаулысы қабылданды. Полиграфологқа оқыту ісіне, аппаратураны сатып алуға 295 миллион теңге де бөлінді. Әйтсе де, одан әрі бара қойған жоқпыз. Алдағы бірнеше жыл ішінде де бұл салада елеулі өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Әлі күнге дейін қызметкерлерді жұмысқа алу барысында қандай полиграфологқа жүгіну керектігі белгіленбеген. Тексеріс қорытындысы қай кәдеге жарайтындығы да анықталған жоқ. Осындай түйінді мәселелер жеткілікті.
– Сіздің ойыңызша неліктен “жалғандық детекторына” құқықтық мәртебе беру ісі өрге баспай отыр?
– Оған құқық қорғау органдарының өздері құлықсыз. Егер полиция қызметкері полиграф көмегі арқылы тексерілер болса, олардың денін жұмыстан шығаруға тура келер еді деп ойлаймын. Егер де қаулы құқық қорғау органдарында жүзеге асырылса, онда бұл тексеріс түрі мемлекеттік қызмет саласына да енгізілері сөзсіз. Ал қызметке алу кезінде қолданылатын тестілеу міндетті түрде қызмет барысында да пайдаланылатын болады. Бұл мемлекеттік қызметшілер санының күрт кемуіне әкелері анық. Әрі құрылғыны алдай алмасаң да, ыңғайсыз сауалдар қойып, кез келген адамды сүріндіріп жіберуге болады. Осылайша ақиқатты бұрмалауға жол беріле ме деген күдік те жоқ емес. Меніңше, “жалғандық детекторына” құқықтық мәртебе беру біздің елде әлі ұзаққа созылуы мүмкін.
– Екі жылдың ішінде қанша істің ақиқатына жеттіңіз?
– Нақты санын айта алмаймын. Ішкі істер департаменті қылмыстық істі ашуға қатысты көмегіме жиі жүгінеді. Өмірлік жолдасының адалдығын тексеруге қатысты тапсырыспен келетін жұптар да жеткілікті. Биылдан бастап дүкен иелері келе бастады. Соңғы уақыттары сауда орындарында түскен табысты қымқырудың әрекеттері жиі орын алуда. Әріптестер арасында ұрлық жасаған адамды табу оңайға соқпайтыны белгілі. Көп жағдайда дүкен иелері бұл мәселеге басын көп қатырып жатпайды да, қолды болған соманы қызметкерлерінің арасында тең бөліп, төлеткізетін көрінеді. Мұндай заңсыз әрекетті құптамайтын кәсіпкерлер “жалғандық детекторының” қызметі арқылы істің ақ-қарасына жетуді жөн көреді.
– Шаңырақ шайқалып, сенімге сызат түскен сәтте әділдік іздеген талай жұптардың алдыңызға келгенін айттыңыз. Тестілеу қорытындысын берген сәт оңай емес болар?
– Отбасыларды тексеру алдында қарым-қатынасты тексерудің себебін сұраймын. Егер олар ажырасқысы келіп жүрген жандар болса, тест өткізуден бас тартамын. Ондай жауапкершілікті ала алмаймын. Егер жұп сенімге селкеу түсіп, оның себебін анықтау үшін келсе, олардың өтінішін қабылдаймын. Әйтсе де, мен үшін осындай әрбір тестілеу үлкен сынақ. Сұрақ қойған сайын өтірік-шынды таразылайтын қисық сызықтардан көз алмай, полиграмма түзу жүрісінен таймаса екен деп іштей тілеп отырамын. Екі жылдың ішінде осындай 100-ден астам тексеріс жүргізілді. Олардың бірінде де жұптардың күдіктері расталмады.
– “Жалғандық детекторын” алдау мүмкін бе?
– Полиграфологты алдауға тырысқанмен, полиграфтан айла асыру мүмкін емес. Құрылғыға қарсы әрекет етудің амал-айлаларын қолданғысы келетіндерді кәсіби полиграфолог бірден байқайды. Ондай жағдайда тестілеу тоқтатылып, келесі күнге қалдырылады. Немесе тестілеу қорытындысында “қарсылық танытты” деп жазылады. Тест нәтижесімен бірге адамның қай сұраққа қалай жауап бергені, сол уақыттағы ағзасының әрекеті көрсетілген қағаз да тапсырыс берушіге қоса ұсынылады.
– Көп жағдайда адамдар аппаратқа сенбей ме? Әлде шындықтың беті ашылады деп қорқа ма?
– Қорқады. Соңғы айда ұрлыққа қатысты 3 дүкеннің қызметкерлерін тексердім. Олардың барлығы да қобалжыды. Себебі, дүкендерде жұмыс істейтін адамдардың арасында ірілі-ұсақты ұрлықтарға жол беретіндер аз емес. Әр ай сайын бір дүкенде шамамен 500 мың теңге қолды болады екен.
– Қорқынышты сейілтудің де тәсілдері бар шығар?
– Иә, тест алдындағы әңгіме барысында адамдарға полиграфологтың заңсыздықтарды анықтаумен айналыспайтынын түсіндіремін. Ол адамның оқиғаға қатыстылығын ғана анықтайды. Мәселен, дүкенде ұрлық орын алса, полиграфолог маман қылмысқа қатысы жоқ адамдарды 100 пайыз дәлдікпен анықтайды. Сондай-ақ, болған оқиғаға қатысы бар адамдарды тауып береді.
– Өтірікті қаншалықты жиі естисіз?
– Үнемі естуге тура келеді. Әр адам тәулігіне 30-50 рет өтірік айтатыны ғылыми түрде дәлелденген. Оны адам әдейі емес, үйреншікті әдетпен айта салады. Полиграфтың алдында отырып та, әдетінше жалған айтып жататындар жиі кездеседі. Мәселен, кейбір қыздар “Темекі шегесіз бе?” деген сұраққа бірден “Жоқ” дейді де, сәлден соң неліктен жалған айттым екен деп кейіп жатады.
Сұхбаттасқан
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.