«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Атырау қаласында V республикалық Махамбет оқуы өтті. Махамбеттің алдаспан жырлары мен дауылпаз күйлерін кеңінен насихаттауға арналған шараға біздің облыстың үш оқушысы да қатысып, жүлдегер атанды.

Жас ұрпақтың патриот боп қалыптасуына ықпал ететін осынау дәстүрлі шараны өткізуге Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болып келеді. Былтырғы жылдан бері аталмыш байқауға қатысушылардан Махамбетпен қоса, Мұрат Мөңкеұлының, Шернияз Жарылғасұлының, Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын да оқып-үйрену талап етіледі.

Махамбеттің асыл мұрасын өз өнерлеріне арқау еткен сайыскерлер үш топқа бөлініп, бармақтай бағы мен ұстаздарының шыңдауымен келіскен бабын қазылар алқасы алдында талқыға салды. Олар алдымен “Ел құтқарар ер едім…” аталымы бойынша Махамбет жырларын мәнерлеп жатқа айтудан сайысты. Бұл аталым бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы №2 Преснов орта мектебінің 11-сынып оқушысы Камила Өтепова, сертификат алды.  

Екінші кезеңдегі “Ұлы арман” аталымына енгізілген Махамбет күйлерін жас өнерпаздардың қай-қайсысы да шебер орындауға машықтанғаны көрінді. Махамбет күйлерін бебеулеткен өрендердің өнері тыңдармандарын тәнті етті. Бұл сайыста Петропавл қаласындағы өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің 9-сынып оқушысы Әсет жүлделі үшінші орынды иеленді.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттері сынға түскен “Тартынбай сөйлер асылмын…” аталымында Айыртау ауданы Дәуқара орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дәулет Құрмаштың бағы жанды. Өз өлеңдерін оқыған Дәулет үшінші сатыға көтерілді.

Махамбет жырларының айбынымен қанаттанып, күмбір күйімен шабыттанған жастардың патриоттық сезімі, өнерге құштарлығы Атырау жұртшылығын тәнті етті. “Еркін елдің ертеңіне баланған өскелең ұрпақтың барлығында осындай патриоттық қасиет қалыптасса, қазақ елінің болашағы жарқын болмақ”, – десті қазылар алқасы.

Жазира ҚАСЕНОВА,

№2 Преснов орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp