«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОЛИМПИАДАҒА БАРУ ҮШІН САЛМАҚ АУЫСТЫРАМЫН”

Солтүстікқазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып келеді. Облыс тарихында алғаш рет еркін күрестен Азия біріншілігінде алтын медаль иеленген 20 жастағы спортшы Нұр-Сұлтанның төрінде өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Бәсі биік додада ел намысын қорғаған қызылжарлық балуанмен сұхбаттасудың сәті түсіп, жарыс жайлы және алдағы жоспарлары туралы сұраған болатынбыз.

– Нұрқожа, бұл жолы да ел мерейін тасытып, жанкүйер­лер­ге ерекше сыйлық жасадың. Өз елімізде ұйымдастырылған әлемдік дода сен үшін қалай өтті?
– Әлем біріншілігі – қай спорт­шыға болмасын, үлкен сын. Са­йыс қарсаңында қатты қобал­жы­дық. Екінші жағынан әлем бірінші­лі­гінің өз елімізде өткеніне бір адам­дай қуандық. Жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырыл­ғанына риза болдық. Сайыстың шымыл­дығын грек-рим күресінің балуандары ашқан болатын. “Клас­сиктер” ел қоржынына бір күміс, екі қола медаль салды. Еркін күрес түрінен ел намысын қорғаған балуандар да жерге қа­ратпады деген ойдамын. 65 ки­лограмм салмақ дәрежесінде құ­раманың капитаны Дәулет Нияз­беков күміс медальға ие болды. 57 килограмм салмақта Нұрислам Са­наев қолаға қол жеткізді.
Бапкерлерім мен спортсүйер қауым сенім артқан соң жеңіске жетуге тырыстым. Бұйырғаны – күміс жүлде. Жартылай финалға дейін Австралия мен Ұлыбрита­ния өкілдерінің балуандарын жарыс жолынан шығардым. Жар­тылай финалда ирандық Йонес Аликбар Эмамичогоемді жеңдім. Ал финалдық кезеңде ресейлік Давид Баевпен жолым түйісті. Өкінішке қарай, бұл кездесуде қарсыласымның бағы басым бол­ған сыңайлы.
– Бұл жолғы жарыстың жөні бөлек. Әлемнің 120 елінің бір мыңнан астам сайыпқыраны қатысқан додада үздіктер қата­рынан көріну оңай болмағаны айтпаса да түсінікті. Жарыс қар­саңында жаттығуларыңа қан­дай өзгерістер енгіздің?
– Мен Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға маман­дан­дырылған облыстық мектеп-ин­тер­натта 7-сыныптан бері еркін күрестің қыр-сырын мең­геруде­мін. Жаттықтырушыларым Орын­бек Балағанов пен Аян Бейсен­баевтың еңбектері өлшеусіз еке­нін атап айтқым келеді. Білікті бап­керлердің жетекшілігімен бәсі биік додаларға үлкен жауап­кершілікпен дайындаламыз. Әр бапкердің өзіндік стилі болады. Менің жат­тық­ты­рушыларым физикалық да­йындық пен техникалық шеберлік­тің ұштасуына басымдық беруде. Біріншілік қарсаңында Ресейдің Кисловодск қаласында және Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, біліктілігімді арттыру үшін тех­ни­ка және тактикалық дайындыққа басымдық бердік. Шыдамды бо­луың керек. Бұған да көңіл бө­лін­ді. Болашақ қарсыластарымның белдесу әдістерін, қолданатын тәсіл­дерін саралап, қарсы қолда­на­тын мүмкіндіктерді сараптадық. Шыны керек, кез келген қарсы­ласты ұтуға болады. Ол тек спорт­шының өзіне байланысты. Әр белдесуге психологиялық тұрғы­дан да, физикалық жағынан да дайын шығуың керек.
– Біріншілік барысына тоқтал­сақ. Дайындаған жоспарыңды сәтті жүзеге асыра алдың ба?
– Кез келген спортшының ар­ма­ны – Олимпиада және әлем чем­пио­ны атану екені айқын. Әри­не, бұл мақсатқа жету оңай емес. Азия чемпионатында топ жаруым әлем біріншілігінде белдесуге бір­табан жақындатты. Шыны керек, Нұр-Сұлтан қаласындағы әлем чемпионатына қатысып қана қой­май, топ жарғым келгенін жасыр­маймын. Еркін күрестен елімізден әлі әлем чемпионы шықпағаны барша жанкүйердің жанына бата­тынын білеміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін барымызды салдық.
Әрине, әлем біріншілігіне тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған спортшылардың қатыса­тыны белгілі. Тәжірибелі балуан­дар­мен сынға түсу оңай болған жоқ. Барлық кездесулердің өзіндік ерекшеліктері болды. Жартылай финалға дейінгі кездесулерді уақы­ты­нан бұрын аяқтауға тырыс­тым. Ал финалдық кезеңге жол­дама беретін белдесуде ирандық балуанды жеңу қиын бол­ды. Бұл кездесуді көпке дейін ұмыт­пасым анық. Тәжірибелі ба­луан Йонес Аликбар Эмамичо­гоем­мен Қытайдағы құрлықтық додада да белдескен болатын­мын. Соңғы сәтке дейін кімнің же­ңімпаз атанатыны белгісіз болды. Ал финалда жанкүйерлерді жерге қаратпай, қол созым жердегі алтыннан көз жазып қалмау үшін барымды салдым. Сақтанып кү­рес­тім. Өкінішке қарай, қателік кетті. Бір ғана қателік шүмектеп төк­кен теріңді құмға сіңген судай қылады екен.
20 жасымда Азия чемпионатын ұтқаннан кейін мені әлем бірінші­лі­гінде де топ жарады деп сенген­дер көп болды. Осы мүмкіндікті сәтті пайдалана алмағаныма өкі­не­мін. Бірақ, бұл – спорт. Сондық­тан қателіктермен көп жұмыс істеп, физикалық тұрғыдан да әлеуетімді арттыратын боламын. Бұйыртса, бұдан да үлкен дода­ларда топ жаруды көздейміз.
– Нұрқожа, сен белдесетін 70 килограмм салмақ дәрежесі олимпиадалық салмаққа жат­пайды. Яғни, әлем чемпиона­тында топ жарғанның өзінде Олимпиада жолдамасын ала алмас едің. Басқа салмаққа ауыспақ ойың жоқ па?
– Сөзіңіздің жаны бар. Бұл сал­мақта әлемнің ең мықты балуан­дары белдескенімен, жеңімпазға олимпиадалық жолдама беріл­мейді. Сондықтан Токио Олим­пиа­дасында өнер көрсеткісі келе­тіндер 74 килограмм салмаққа ауысады. Осы әлем чемпионаты­нан кейін мен де салмағымды ауыстырамын деп шештім. Бұған дейін де өзімнен әлдеқайда ауыр балуандармен белдесіп, терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп кел­дім. Бұл салмақ өзіме де ыңғайлы.
Жаңа салмақта да сәтті өнер көрсетемін деп сенемін. Үздіктер арасынан көріне алатын мүм­кіндігім бар.
– Алдағы жоспарларың туралы айтып өтсең. Қандай сайыстар күтіп тұр?
– Үстіміздегі жылдың қазан айында Қытайдың Синьян қала­сында әскерилердің әлем бірін­шілігінде бағымды сынамақпын. Сол біріншілікте 74 килограмм сал­мақта белдесемін. Алматы қала­сында оқу-жаттығу жиынын өткіз­геннен кейін дүбірлі додаға қаты­сып, елімізге алтын жүлде сый­лап, Әнұранымызды шырқатамын деп ойлаймын. Ал негізгі мақса­тым – төрт жылда бір рет келетін олимпиаданың лицензиясына қол жеткізу.


Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Н.Қайпанов.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp