Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндама жасап, өңірдің 10 айдағы даму нәтижелерін қорытындылады.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсуі 13 пайызды құрап, ақ қайыңдар өлкесі ел бойынша бесінші орынға тұрақтаған. Аталған кезең ішінде ауыл шаруашылығында 9,3, өнеркәсіпте 19,1, құрылыста 30,1, тұрғын үйді пайдалануға беруде 3,9, инвестиция тарту ісінде 7,3 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.
Ғауез Нұрмұхамбетов өз баяндамасын экономиканың басты саласы саналатын агроөнеркәсіптік кешеннен бастады. Биыл аталған саладағы жалпы өнім көлемі 878,3 млрд. теңгеге жеткен. Елдегі астықтың төрттен бір бөлігі, майлы дақылдардың 23 пайызы, сүттің оннан бір бөлігі теріскейде өндіріледі. Майлы дақыл алқаптарының көлемі 1 млн. гектарға жетіп, 1,2 млн. тонна өнім жиналды. Суармалы алқаптардың көлемі 2,1 мың гектарға артқан.
Өңірде 68,5 мың тонна ет, 334,9 мың тонна сүт, 530 млн. жұмыртқа өндірілген. Бүгінде облыста 110 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 8 кешеннің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа жобалар сәтті жүзеге асса, елдегі сүттің бестен бірі солтүстікте өндірілетін болады.
«Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 120 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы «МаслоДел» май экстракциялық зауыты жұмыс істеуде. «Eurasian Milk» серіктестігінде қоюландырылған сүт цехының құрылысы аяқталды. «Север Агро LTD» серіктестігі биенің құрғақ сүтін өндіретін зауытты іске қосты. «Asyl Farms» серіктестігіндегі қызылша егетін тәжірибелік алқаптар мол өнім берді. Келешекте 1 млн. тонна қызылша өңдейтін қант зауытын салу жоспарланған. Қызылжар ауданының «Salar Farm» серіктестігінде түйіршік жоңышқа өңдеу зауытын салу жобасы іске асырылуда», – деді облыс әкімі.
Соңғы екі жылда өңірдегі өндіріс көлемі бір жарым есеге артқан. Кәсіпорындар тапсырысының артуы, жаңғырту жұмыстары оң нәтиже бере бастады. Мысалы, «ЗИКСТО» серіктестігі жолаушылар вагонын шығаратын жаңа зауыт салды. Жобаға 24,3 млрд. теңге қаржы құйылған. Облыста жалпы құны 894 млрд. теңге болатын, 51 жобаны қамтыған инвестпул бар. Бұл жобалардың нәтижесінде 7,8 мың жұмыс орны құрылмақ. Соңғы екі жылда 300 млрд. теңгенің 19 меморандумына қол қойылған. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына 22 қатысушы тіркелген. Бүгінде мұнда 5 кәсіпорын ашылып, онда 700-дей адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 17 жоба алдағы жылдары аяқталуы тиіс. Өңірге республика кәсіпкерлерінен бөлек Түркия, Италия, Қытай, Катар, Германия, Ресей мемлекеттерінің инвесторлары қаржы құйған. Үкімет шешімімен биыл аудандарда екі субзона құрылды. Ірі инвесторлардың қатарында катарлық «Ультрадекор» компаниясы да бар. Инвестор өңірде ағаш тақта өндірісін (90 млрд. теңге) өркендетуге үлес қосуда. Ресейлік инвесторлар «Бейкертон» кондитерлік өнімдер өндірісіне 37 млрд. теңге жұмсамақ. «QILU Agro» Қытай компаниясы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жоспарлап отыр. «Уралкранның» крандар мен жүк көтеретін қондырғылар құрастыратын зауыты жергілікті нарық қажеттілігін толық өтейтін болады.
Ғауез Торсанұлы брифингте өңір делегациясының өткен аптада Қытайға жасаған сапары туралы да баяндады. Сапар нәтижесінде 7 стратегиялық меморандум бекітілген. Келісім аясында жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы, жаңа технология, ғылым салаларында жобалар қолға алынады.
Облыс экономикасын ілгерілету ісіне жергілікті инвесторлар да үлес қосып келеді. Кәсіпкер Дмитрий Шарапаевтың саңырауқұлақ фермасы мен компост зауыты алдағы күндері өз жұмысын бастамақ. Мұнда жылына 1,2 мың тонна саңырауқұлақ пен 5,2 мың тонна компост өндіруге мүмкіндік бар.
«Техноэкопарк» жобасы экологияға оң әсер етпек. Жоба аясында қоқыс сұрыптау кешені, қағаз бұйымдар фабрикасы, картон комбинаты мен металпластик зауыты салынады. Қоқыс сұрыптау кешені осы бағытта жұмыс істейтін компаниялармен серіктестік орнатып, нәтижесінде қалдық азайып, қайталама гранулалар өндірісі жолға қойылады.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірде тұрғын үй қоры жаңарып, елді мекендердің келбеті жаңа кейіпке енуде. Жоспарланған 332 мың шаршы метр баспананың 194 мыңы пайдалануға берілген. Биыл өңірде мың пәтерлі 15 үй салынған. Құрылыс саласында коммерциялық сектордың үлесі артуда.
«Біз өңірдің алдағы 5 жылға арналған цифрлық стратегиясын жасадық. Стратегия сандық инфрақұрылымды дамыту, экономиканы трасформациялау, халықтың цифрлық құзіреттілігін арттыру сияқты міндеттерді қамтиды. «Qyzyljar Creative Center»-де жаңа коллаборациялар бастау алды. Елді мекендерді цифрландыруға да баса назар аударылуда. Жуырда Шал ақын, Есіл аудандарында IT орталықтар ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтар басқа аудандарда да ашылады», – деді Ғауез Торсанұлы.
Биыл Тайынша қаласында ұзындығы 4,5 шақырымдық жылу желілері жаңғыртылған. 3 қосалқы станса жөнделген. 2029 жылға дейін облыста ұзындығы 7 мың шақырым болатын инженерлік желілерді жаңғырту жоспарланып отыр.
Өңір басшысы биыл облысты сумен жабдықтауға 74 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Оның 44,9 миллиарды қайтарылған активтер есебінен берілген. Бүгінде тиісті жобалардың соңғы сатысы аяқталуға жақын.
Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 8,4 мың шақырым. Еліміздегі жолдардың ұзындығы бойынша өңіріміз 2-ші орында. Биыл 1,1 мың шақырым жол жөнделді. Оның 467 шақырымы – республикалық, 54 километрі жергілікті және 100 шақырымы ауылішілік жолдар. Он жылдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген «Петропавл-Жезқазған» және «Мамлютка-Қостанай» учаскелері қалыпқа келтірілген. Сонымен қатар 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшелерге толығымен асфальт төсеу жоспарланған. Бұл ретте шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылып отыр.
Ғауез Нұрмұхамбетов 2024 жылы өңірімізде орын алған су тасқынының салдарын жою мәселесіне де назар аударды. Биыл облыс орталығы мен қала маңында орналасқан аудандардағы бөгеттердің беріктігі тексерілген. Бөгеттердің биіктігі Балтық жүйесі бойынша тиісті деңгейге жеткізіліпті. Бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен Есіл өзені жайылмасындағы тұрғын үйлерді қарғын судан қорғау үшін 2 бөгет салынды.
«Петропавл су торабынан 32 шақырым төмен учаскеде Есіл арнасын тазарту және түбін тереңдету бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл болашақта өзеннің өткізу көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді. Жайылмада орналасқан Заречный кенті су басу қаупі жоғары шағынаудан саналады. Сондықтан тұрғындарды қала орталығына көшіру туралы шешім қабылданды. Алғашқы тоқсан пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін тұрғындардың алғашқы легі жаңа үйлерге қоныстанады», – деді облыс әкімі.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өңір басшысына түрлі тақырыптағы сауалдарын жолдап, жауап алды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».