Өмірден көбі өтіп, азы ғана көз алдымызда жүрген майдангерлерімізді құрметтеп, ерліктеріне тағзым ету – перзенттік парызымыз. Осылайша Тайынша ауданының өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің ұжымдары соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне лайықты құрмет көрсетуде. Солардың ішінде Петр Федорович Перфильев те бар.
П. Перфильев 1926 жылғы 28 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Приишим ауданының Новоникольское ауылында туған. Отбасындағы бес баланың бірі болған ол небары екі сыныпты тамамдайды да, он бір жасынан еңбекке араласады.
Бозбала шағы сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келген Петр он жетіге толмастан әскерге шақырылып, мотоатқыштар бөлімшесіндегі жаяу әскер қызметін атқарады.
Жас жауынгерлердің әскери даярлығынан өткен соң Петр Федоровичті Белоруссияға майданға жібереді.
Осында ысылған жауынгер кейін Волхов және 4-ші Украин майдандарының сапында фашистер басып алған өңірлерді азат етуге қатысады.
Соғыс аяқталар шақта сержант П.Перфильев Праганы азат ету үшін болған жанкешті ұрыста ерлігімен көзге түседі. Жеңіс күні жеткеннен кейін де жас майдангер қаруын қолынан тастамай, оны Жапонияға қарсы жасақталған десанттар құрамасына жібереді. Алайда, осы тұста Батыс Украинада бандерашылар бас көтеріп, ол танктерге қарсы соғысатын 71-ші дивизияға алынады. Бандерашылардың бетін қайтарған соң жігерлі жас әскери училищеге түсіп, автоэлектромеханик және жүргізуші мамандықтарын игереді.
1950 жылы туған жерге оралып, анасымен және үш бауырымен қауышады.
Осында үйленіп, Красноармейский ауданында халық шаруашылығы салаларында түрлі жұмыстар атқарады. Байланыста да, дайындау кеңсесінде де еңбек етеді. Кейінгі жиырма жылда Красноармейск қаласының өрттен қорғау бөлімінде жұмыс істеп, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Майданда қаһармандық танытқан жауынгер “Қызыл Ту”, “ІІ дәрежелі Отан соғысы” ордендерімен, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған.
Бүгіндері майдангер зайыбы Прасковья Алексеевнамен бірге бақытты ғұмыр кешіп, үш баласынан көрген бес немересін тәрбиелеуде.
Ерлан БАЙМЫШЕВ,
Тайынша аудандық Төтенше жағдайлар
бөлімінің бастығы, өртке қарсы
қызмет подполковнигі.