
Өңірімізде алғаш рет “Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану және орман шаруашылығындағы жаңа технологиялар” тақырыбында орманшылардың республикалық форумы өтті. Қалалық Мәдениет үйінде өткен басқосуға төрағалық еткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов жиынға дейін бір топ қатысушымен бірге Сәтбаев пен Кошуков көшелерінің қиылысындағы шағын алаңда көшеттер отырғызды.
Аталмыш шараға республикалық және облыстық ведомстволардың өкілдері қатысып, онда орман ресурстарын тиімді пайдалану және орман шаруашылығын тұрақты дамыту, орман мен питомник шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесінде орманды пайдаланудың маңызы, “Жасыл экономика” бағдарламасы бойынша ағашты шикізат ретінде тереңдетіп өңдеу, орман және ағаш өңдеу саласын дамытудағы қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру сияқты мәселелер қозғалды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз сөзінде табиғи ресурстарды жаңаша және тиімді пайдалану қажеттігі, орман шаруашылығының биосфералық және шикізат ретіндегі маңыздылығының зор екендігін айта отырып, оның төңірегінде туындаған мәселелерді мемлекет пен сала мамандары бірлесе отырып қана шеше алатынын атап көрсетті. Ал Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев республика аумағындағы орман шаруашылығының даму үдерісіне тоқталды. Еліміз жасыл экономикаға көшуге бетбұрыс алған бүгінгі таңда орманшылықтың алатын орны зор екендігін тілге тиек еткен ол жасыл желектерді сақтау мен жандандыру мәселесіне баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Республика аумағында соңғы 15 жыл ішінде жас ағаш отырғызылған жер аумағы жеті мың гектарды ғана құраған. Мұндай жұмыстарды атқаруда оңтүстік өңірлердің белсенділігі жоғары екені атап көрсетілді. Заңсыз ағаш отағандар қатаң жауапқа тартылып жатса да, 2013 жылдың өзінде 2400 текше метр ағаш заңсыз кесілген. Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ, саладағы кадр тапшылығына, әсіресе, арнайы мамандардың жетіспеушілігіне де тоқталды .
Қазақ орман шаруашылығы және орман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Болат Мұқанов орманшылықтың айналасында туындаған бірқатар мәселелерге ғылыми тұрғыдан сипаттама берді. Олардың ішінде жібек құртының ормандарға тигізіп отырған зияны жылдан-жылға ұлғайып келе жатқандығы, өрттен қаншама жасыл желектің күлге айналатыны айтылды. Бұл мәселелерді шешу үшін орманшылардың біліктілігін арттыруды ұсынды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов жиналған жұртты, әсіресе, басқа облыстардан келген әріптестерін өңірдегі орман шаруашылығының жағдайы туралы ақпаратқа қанықтырғаннан кейін, орманшылардың беделін арттыру үшін олардың кәсіби мерекесін белгілеу туралы ұсыныс жасады.
Форумның соңында өңірімізде осы салада абыройлы жұмыс істеп жүрген озаттар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, саланың төрт ардагеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
ТалғатТӘНІБАЕВ.