«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРТАҚ МАҚСАТ

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына арналған халықаралық “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Шара барысында көршілес екі елдің өкілдері бас қосып, өңіраралық туризмді дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.

Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласындағы “Урал-Евразия” сарапшылық клубының директоры Константин Погорельский аталмыш форумның туризм саласын дамытуда маңызы зор екенін атап өтті.

– Біз Қазақстан мен Ресей елдерінің арасындағы туризм саласындағы байланысты дамыту бойынша бірнеше ұсыныспен келіп отырмыз. Екі елдің де емдік-сауықтыру бағытындағы туристік әлеуеті зор. Свердлов облысындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді Қазақстандағы санаторийлерге жіберуге мүмкіндігіміз бар. Осылайша, қазақстандық азаматтар да біздің санаторийлеріміз бен курорттық демалыс орындарында ем қабылдай алады, – деді Константин Погорельский.

Отырыс барысында қатысушылар туризм саласын дамыту үшін, ең алдымен, мықты маман даярлау маңызды екеніне баса назар аударды. Бұл үшін көршілес елдердегі жоғары оқу орындарының арасында туризм саласын дамытуға қатысты бірқатар білім беру бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу жайлы әңгіме қозғалды.

1944 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының фашистік қоршаудан азат етілгені белгілі. Кездесу барысында солтүстікқазақстандық 314-ші атқыштар дивизиясы соғысқан орындардағы Ленинград іздестірушілерінің жұмыстары туралы деректі фильмнің тизері таныстырылды. Алдағы уақытта іздестіру жұмыстары жалғасын табатын болады. Ресейлік меймандар жергілікті әріптестеріне осы бағытта да бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Гүлмира Садырова жиынға қатысушылардың көбінің ата-бабалары елі үшін жауға қарсы аянбай соғысқанын, сондықтан оларды ұмытпай, әрқашан құрметпен қарауымыз керек екенін тілге тиек етті. – Бұл мәселені “дөңгелек үстел” отырысына арқау ете отырып, өскелең ұрпаққа патриотизмді насихаттаймыз. Екі елдің және шекаралас облыстардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына туризмнің ықпалы зор, – деді Гүлмира Садырова.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp