«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДЫ ОЙ, ӘДЕМІ ӘЗІЛ, ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ Елбасының шетелге сапарларында журналистер байқаған қызықты жайттар

1991 жыл, желтоқсан. Алматы

Алып сахнаның ауқымды шымылдықтары ысырылып, ар жақтан әскери оркестр көрінер сәтте “ойпырым-ай” десіп қалдық. Өйткені, шымылдық одан бергі тұғырдағы Қазақстан туына жанасып, бір дір еткізіп кеткен. Сол шымылдық қайта жабылғанда күдігіміз дәл шығып, туды қағып-ақ кеткені. Көлемді ту сәл болмағанда берідегі биік орындағы Президентті жауып қала жаздады. Спортты күнделікті серік ететін сергек Нұрсұлтан Назарбаев шалт қимылмен спортшыларыңыз қызығардай жылдамдықпен туды құлатпай, сақтап қалды. Сарай толы қалың жұрт сонда барып уһ деп дем алған. Ертесіне бір газет “Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан туын берік қолда сақтап қалды”, – деп жазды. Тура және ауыспалы мағынасында да ол газет дұрыс жазған. Біз Нұрсұлтан Назарбаев болашақта да Қазақстанның туын құлатпай, алып жүре берсін деген тілекті қостық.

1991 жыл, желтоқсан. Минск

ТМД елдері жаппай нарықтық экономикаға түсіп, социализм ауылынан бет бұрған кез. Егер ТМД құрамындағы елдерді басқарып отырған Президенттердің барлығына жуығы бір замандарда партиялық қызметтерде болғанын ескерсек, кезінде марксизм-ленинизмді кеміргендері анық.

– Қап, – дейді кездесуде Украина Президенті Л.Кравчук. – Марксизм-ленинизмді жаттауға қаншама жылдарымды бекер жібергеніме енді өкініп жүрмін.

– Менің металлург болып жүріп, Маркс пен Ленинді оқуға еш қолым тимеп еді, – деп қалжыңдайды сонда Н.Назарбаев. – Енді соным дұрыс болған екен деп жүрмін.

1992 жыл, қазан. Анкара

Екі елдің мемлекеттік Гимндері орындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елшілікті ашудың рәсімін бастады:

– Біздің Тәуелсіздігіміздің тілектесі, осы елшіліктің құрылуына үлкен қамқоршы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалға, үкімет басшысы Сүлеймен Демирелге өзімнің және халқымның атынан алғыс айтамын. Екі елдің арасындағы туысқандық, достық нығая берсін!

Микрофонын ұмсынып, ұзын бойлы, ақ сары қыз Президентке ағылшынша тіл қатты. “Би Би Си” тілшісі екен.

– Ағылшынша аударатын кім бар? – деп Елбасы айналасындағыларға көз тастады. Ешкім үндемеді. Қазақстан делегациясы саса бастады. Біраз уақыттан соң:

– Мен бармын, – деп Мұртаза Бұлұтай деген жас жігіт алға шықты. Ол болмаса, ағылшын тілін орысшаға не түрікшеге аударып, одан қазақшалап жатар ма едік, қайтер едік? Бұған да шүкіршілік!

2006 жыл, қыркүйек. Иордан Хашимиттік Корольдігі

Елбасы сапарына ілесіп жүретін бір топ журналист Иорданияға қажетті визаны ұшақ бортында толтыратын болдық. Алдын ала солай деп ескертілді. Өйткені, жоспар бойынша алдымен Түркияға соғатын болғанбыз. Бірақ, қызық болғанда, Түркиядағы сапарды аяқтап, Иорданияға келіп, қонғанға дейін бізге протокол қызметінен ешкім виза толтыру қажеттігі туралы ештеңе айтпады. “Қап, енді визаны әуежайда толтырып біткенше, Президенттің кортежінен қалып қоятын болдық-ау”, – деп қатар отырған әріптестер бір-бірімізге қарап, қинала бастадық. Алайда, бекер абыржыппыз. Протокол қызметінің өкілі келіп: “Саспаңыздар, Иордания Корольдігіне визасыз аяқ басатын болдыңыздар. Король Абдалла Екінші бен Хусейн Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне сіздерді де қадірлі қонағы ретінде қабылдап, визасыз кіруге рұқсат етті”, – дегені. Сөйтсек, Король біздің Елбасымызды “аса құрметті қонағым” деп мәлімдеп қана қоймай, бізге визасыз кіруге де рұқсат бергізіпті. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды қай елдердің екіжақты қатынастарында болғанын білмейді екенмін, бірақ біздің сол жолы Қазақстан Президентінің арқасында Иорданияда үш күн визасыз қыдырғанымыз бар.

Президент ұшағы Амман әуежайына келіп қонып, қарсы алу салтанаты біткен кезде біз халықаралық кездесулердің қатып қалған хаттамалық рәсімі бұзылғанына тағы бір куә болдық. Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайдан күтіп алған Король Абдалла Екінші Қазақстан Президентіне арнап тартылған көліктің рулін өзі ұстап, қалың делегацияның машиналарын соңынан шұбырта, Амманға қарай өзі зуылдата жөнелді.

(Қайнар Олжайдың, Уахап Қыдырханның,

Айбын Шағалақтың естеліктерінен).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp