Өткен аптада облыс бойынша 29 өрт тіркелді.
Петропавлдағы Медведев көшесінде жеке мүліктер мен жиһаздар тұрған қора-қопсы өртеніп кетті. От орнынан ащы түтінге уланған 52 жасар үй иесі қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, 2 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.
Тоқсан би көшесіндегі көпқабатты үйдің 2 бөлмелі пәтерінен шыққан өрт мүліктерді жарамсыз етті. Өртсөндірушілер 61 жасар үй иесін құтқарып, кіреберістен 10 адамды қауіпсіз жерге көшірді.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Веселовка ауылында қараусыз қалған пештен шыққан өрт тұрғын үйді жалмады.
Тайынша ауданындағы Большой Изюм ауылында және Мамлютка қаласында сымдардың қысқа тұйықталуы үй қабырғаларының өртенуіне, мүліктердің отқа орануына себеп болды.
Жайылымдағы, алаңқайдағы, жол бойындағы, саяжай қоғамдары, тұрғын үйлер аумағындағы құрғақ шөптер мен көң-қоқыстарды жағу азаяр емес. 30 сәуірден 3 мамырға дейін өртсөндірушілер сондай 100-ден астам от ошағын сөндіруге мәжбүр болды.
Жыл басынан бері облыста 217 өрт болып, одан 29 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Өртте 14 адам қайғылы қазаға ұшырап, 12 адам әртүрлі дене жарақатын алды.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.