«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Қаншама жыл өтсе де, қасірет­ті майданды ешкім ұмытпайды. Өкінішке қарай, ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Кеңес одағының 27 миллиондай адамын жалмаған қанқұйлы соғыста қазақстандықтар да жауға қарсы жан аямай шайқасты. 12 мыңнан астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарындағы 103 қазақ қаһарманының бірі – Ысқақ Ыбыраев еді. Биыл батыр ұлдың туғанына 110 жыл толады.

Жауынгер 1911 жылдың 10 мамыры күні бұрынғы Сергеев ауданының ең сұлу жерлерінің бірі – Алуа көлінің жанындағы Қаратал ауылында дүниеге кел­ген. Туған ауылындағы 7 жылдық мектепті ойдағыдай аяқтаған ол 17 жасында комсомол қатарына қабылданады. 1930 жылы Петропавл педагогикалық техникумын тамамдап, Жамбыл және Есіл ау­дандарындағы Орталық, Бірлік, Жарғайың ауылдарында 12 жыл мұғалім болды. Әскер қатарына алынбас бұрын жастар арасында тәрбие жұмысымен айналысқан.

Ысқақ Ыбыраев Жамбыл ау­данының Орталық орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезде соғыс басталады. Өзге құрдастары сияқты Ысқақ та бірнеше рет өз еркімен майданға аттануға ниет білдіргенімен, 1942 жылдың шілдесінде ғана Кеңес әскері қатарына шақырылып, Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласын­дағы әскери-саяси қызметкерлер курсын тамамдайды. Сол жылдың қазан айында Прибалтика майданына жіберіліп, 50-ші полк­те рота командирінің орынбаса­ры болады. Ал 1944 жылы Могилев жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін 1-ші Беларусь майданының 5-ші екпінді армиясына қарасты 60-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 177-ші гвардиялық атқыштар полкінің взводын басқарады.

1945 жылдың қаңтарында Висланың батыс жағалауы плацдармдарынан 1-ші Беларусь және 1-ші Украин майдандарының, ал оңтүстікке таяу 4-ші Украин майданының оң жақ қанатының құрамалары шабуылға көшіп, тарихқа “Висла-Одер операциясы” атымен енген шайқас басталған болатын. Одер өзенінен өту кезінде Гвардия лейтенанты Ысқақ Ыбыраевтың взводы жаудың ірі қорғаныс шебін басып алып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті. Оқиға былай болған еді: жыл басында шабуылға шыққан 5-ші екпінді армияның бөлімшелері жаудың қыр соңына түсіп, бір селоға жақындай бергенде үлкен бөгетке тап болады. Бұл жерге бұрын жеткен немістер алдын ала бекініс жасап, орналасып үлгерген екен. Жаудың минасына түсіп, бірсыпыра сарбаз қаза табады. Командир ұрыс арасында­ғы үзіліс кезінде қарамағындағы жауынгерлерді дұшпан минасын залалсыздандыруға үйретеді. Гитлершілер миномет, пулемет оғын жаудырып тұрғанына қарамастан Ысқақ Ыбыраев взводымен мина даласынан өткел салады. Артынша Буде-Августовское селосындағы дұшпан бекінісінің оң жақ қанатынан бұзып кіреді. Қарсы шыққан неміс танкілерінің екеуін жайратып, жау солдаттары орныққан траншеяға басып кірген взвод сарбаздары қоян-қолтық ұрыста да есе жібермейді. Ары қарай бағыт алған жауынгерлер село шетінде жау дзотына тап болады. Осы жерде екі топқа бөлінген сарбаздар қосымша екі дзотты іске қоспақ болған жаудың ту сыртынан шығып, шабуыл жасайды. Осылайша, жаяу әскерге әрі қарай жол ашылады. Ысқақ Ыбыраевтың сарбаздары салған ізбен мина даласын еш шығын­сыз өткен бөлімшелердің бірлескен шабуылына тойтарыс бере алмаған немістер шегінуге мәжбүр болған.

Бұл шайқастан соң, Мало-Боже елді мекенінің жанындағы Одер өзенінің арғы бетіндегі алаңқайға бекінген жау біраз қарсылық көрсетеді. Бұл жолы да гвардия лейтенанты взводты екіге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке міндеттер жүктейді. Өзімен бірге 6 сарбазды ерткен ол тұманның арасынан көрінбей өзен­ді кесіп өтіп, тура шабуыл жасай­ды. Яғни, жаудың назарын өзіне бұрады. Осы уақытта сарбаздарының басым бөлігі арғы бетке өтуге мүмкіндік алады. Ысқақ Ыбыраевтың азғантай тобын жоюға бар күшін салғанымен, жау өз дегеніне жете алмайды. Күн бата атыс орнына келген өзге бөлімшелердің әскерилері лейтенант Ысқақ Ыбыраев бастаған шағын топ жаудың көзін құртқанын байқайды.

Бұл шайқас барысында ауыр жараланғанымен, ұрыс даласын тастамаған жерлесіміз қатардағы жауынгерлерге ерліктің ерен үлгісін көрсеткен еді. Қазақ халқының адал ұлы, талантты офицер Ысқақ Ыбыраевтың ерлігі жоғары бағаланып, оған 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының Ба­тыры атағы беріледі. Бұдан кейінгі жылдары Отан алдындағы ер­лігі үшін, “Ленин”, “Қызыл Жұлдыз”, “Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталды.

Қанқұйлы соғыс аяқталып, Ысқақ Ыбыраев елге аман-есен оралды. Ол қан майданда ғана емес, сондай-ақ, бейбіт өмірде де қажырлы жұмысымен көзге түсті. Туған өңірге оралғаннан кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1948 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітірген соң осы салада ұзақ жылдар табысты еңбек етті. Атап айтқанда, Октябрь аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланып, 1954 жылға дейін қызмет атқарады. 1957 жылы майдангер “Новопокровка” кеңшарының партия ұйымының хатшысы болса, 1964 жылдың қазан айында “Тереңсай” кеңшарының коммунистері Ысқақ Ыбыраевты өздерінің партия ұйымының хатшылығына сайлады. Бұл жерде ол өмірінің ақырғы күніне дейін жұмыс істеді. Қазақтың қайсар ұлы 1965 жылдың 13 шілдесінде өмір­ден өтті.

Сұрапыл соғыс жылдарындағы ұлы ерліктер ешқашан ұмытылмақ емес. Ел-жұртының батыр ұлға деген ыстық ықыласы мен ілтипаты арада қаншама уақыт өтсе де әлі бәсеңдеген жоқ. Соның бір дәлелі – Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында бұрынғы Ленин ауылына майдангердің есімінің берілуі. Ал 1969 жылы Ыбыраев атындағы кеңшарда Кеңес Одағының Батырына арналған ескерткіш орнатылды. Туған ауылынан басқа да елді мекен­дерде ержүрек ұланның есімімен аталатын көшелер бар. Отан үшін от кешкен майдангердің өмірден озғанына қаншама уақыт өткенімен, оның көзсіз ерлігі, ғибратты ғұмыры ешқашан халық жадынан өшпейді.

Бақытгүл ҒАЛИЕВА,

Шал ақын аудандық кітапханасының қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp