«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – мәртебелі мамандық

Еркінбек БАЙБОЛОВ,

СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник.

“Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес әскери-техникалық және басқа әскери мамандықтар бойынша мамандар даярлау Қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарында Қарулы Күштердің қажеттілігіне орай тегін және оқуға кеткен шығындарды толық немесе жартылай өтеу арқылы ақылы негізде жүргізіледі.

Әскери-техникалық және басқа әскери мамандықтар бойынша мамандарды тегін негізде даярлауға әскери қызметке денсаулығы жарамды, 17 жарым жастан 26 жасқа дейінгі, оқу бітіргеннен кейін мерзімді қызметке шақырылуға немесе әскерге алу резервіне тіркелген азаматтар тартылады. Кіші мамандарды әзірлеуге арналған құжаттармен уәкілетті орган айналысады.

 

Әскери-техникалық және басқа әскери мамандықтар бойынша ақылы негізде мамандар әзірлеуге келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаруға денсаулығы жарамды, келісімшарт бойынша әскери міндеттілер, жиырма екіден жиырма жеті жасқа дейінгі әскери қызметке денсаулығы жарамды немесе шектеулі жарамды, соның ішінде әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін әскери қызметке шақырылуы кейінге қалдырылған азаматтар тартылады.

Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін азаматтарды іріктеу мен жіберуді Қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарында әскери басқарманың жергілікті органдары, яғни ескіше айтсақ, әскери комиссариаттар жүзеге асырады.

Ондағы оқу мерзімі таңдаған мамандыққа байланысты белгіленеді. Оқуды аяқтағандығы туралы сертификаттың үлгісін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді. Оқуды аяқтағаннан кейін азаматтарға әскери билеттер беру әскери басқарманың жергілікті органдары белгілеген тәртіпте жүргізіледі.

Оқыған кезде көрсетілген ұйымдарда оқу демалысы беріледі және оқуға барғанға дейінгі жұмыс орны сақталады.

Заңға сәйкес ақылы оқу азаматтардың құқығын сақтауға, әртүрлі жағдайға байланысты заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмаған адамның әскери даярлық алуына жағдай жасауға міндетті. Бұл даярлықтан өту құқығы өз Отанын қорғау бойынша ешкімді де конституциялық борыштан босатпайды, өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті борышы мен міндеті болып табылады. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіпте әскери қызмет атқарады.

Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:

1) отбасы жағдайы бойынша;

2) білім алуды

жалғастыру үшін;

3) денсаулық жағдайы бойынша;

4) басқа да себептер бойынша беріледі.

Отбасы жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.

Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелері: әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi, я екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi немесе бiрiншi, екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері; әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi); өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi); бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;

2) өзiнiң асырауында: анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары); ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айрылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;

3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға беріледі.

Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне;

2) тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн;

3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.

Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

1) ауылдық (селолық) жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына – жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;

2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;

3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;

4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе сот қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн беріледі.

Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариат куәландырған тиiстi құжатты ұсынған кезде азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.

Әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздерінің күші жойылған азаматтар осы заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.

Төлемді оқуға ақы төлеудің сомасы бүгінгі күнге дейін бекітілген жоқ. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарына оқитындарды таңдап алуды ретке келтіретін нормативтік-құқықтық акт та бекітілген жоқ, сондықтан әскерге шақырылушыларды ақылы негізде оқуға жіберу Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, басқармасында және бөлімдерінде жүргізілмейді.

Ақылы негізде әскери даярлықтан өткендер әскери міндеттілер есебіне ауыстырылып, кейін заңға сәйкес әскери жиындарға шақырылып отыратын болады. Сөйтіп, олар бейбіт кезеңде өз міндеттерін орындай отырып, еліміздің әскери оқыған резервін толықтырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp