Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Отбасы күніне орай шара өтті. Оған ұстаздар қауымы, ардагерлер мен жастар қатысты.
Жас ұрпақ арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шарада көпбалалы аналар мен ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген тәлімгерлер өз ақыл-кеңестерін ортаға салды. “Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді”, десті олар. Мәселен, зейнеткерлік жасқа жеткен ұрпағының ардақтысы көпбалалы Татьяна Харькова дөңгелек үстел басына жиналған бойжеткендермен бақытты отбасын құрудың құпияларымен бөлісті. “Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндет, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдатқызу, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті”, – деді Татьяна Александровна. Ал “Жеке тұлға” психологиялық орталығының маманы Ольга Аганова бүгінгі күні белең алған ажырасу себептерін түсіндіруге тырысты. Оның пікіріне қарағанда, қазіргі жастар шаңырақ құру кезінде оның маңыздылығын түсінбей, сәби сүюдің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын сезінбей, опық жеп жатады. Сондықтан маман отау тігу алдында мұқият ойланып барып қадам жасау керектігіне тоқталды.
Татар ұлты отбасы алдындағы жауапкершіліктің зор екендігін балаға сәби кезінен түсіндіруге тырысады екен. Осыны сөз еткен “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық орталығының өкілі Зулейха Бикметова: “Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет те. Сондықтан да оның әрбір мүшесі өз жауапкершілігін түсініп, үнемі бақытты өмір сүруге талпынуы тиіс”, – деп жиынды қорытындылады.