«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТТАН ШЫҚҚАН ОЙРАН

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облысымызда өрттің және қыс мезгіліндегі басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары талқыланды. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан зардап шеккендердің саны азаймай тұр. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов айтып берді.

Оның сөзінше, облысымызда жыл басынан бері 596 өрт оқиғасы тіркеліп, келтірілген материалдық шығын 229 миллион теңгеден асқан. Қызыл жалыннан туындаған зардаптың 427-сі жеке тұрғын үй секторында болған. Оның ішінде адам өлімі де бар, аяқастынан шыққан қызыл жалыннан 38 адам қаза тауыпты. Өрттің шығу себептерін тексергенде оның басым көпшілігі адами фактордан болғандығы дәлелденген. «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» демекші, тұрғындар күнделікті от пайдалану барысында немқұрайдылыққа жол беріп алатыны жалған емес. Мәселен, электр жабдықтарын монтаждау немесе электр сымдарын жалғағанда техникалық қағидалар сақталмайды, пештерді орнату және пайдалану кезінде де салғырттық танытып жататындар бар.  

«Біз жергілікті атқарушы органдарды, еріктілерді, үкіметтік емес ұйымдарды уақытша жұмысқа тарта отырып, адамдардың мерт болуына немесе улануына жеткізбес үшін халық арасында алдын алу жұмысын жүргіземіз. Мәселен, жылыту маусымы басталғаннан бері 64 мыңнан астам адамды қамтыған 26 мыңға жуық ауланы араладық. 60 мыңнан астам өртке қарсы үгіт парақшасы таратылды. Бұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін істеліп отыр, әсіресе әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылды. Олардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша 2019 жылдан бері 1364 дабыл қаққыш орнатылды. Бұл адам өмірін сақтап қалуда айырықша рөл атқарады», – дейді Орал Мұттахиденұлы.

Брифингте өңірімізде 2020-2021 жылдары орын алған төтенше жағдайлар хақында да сөз болды. Теріскейдің қысы қытымыр келетіндіктен қалың қар мен боран жиі болып тұрады. Мұндай кезде көбіне ауыл-аудандардан қатынайтын жолаушылар зардап шегіп жатады. Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Серік Наурызбаев өткен қыста жолдарда 198 оқыс оқиға тіркелгенін, оның ішінде 155-і қар құрсауында қалғанын, 24 авариялық-құтқару және 8 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp