«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ФОРМА КИЕТІН БОЛДЫ

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты “Білім туралы” заңға да біраз өзгерістер енгізілді. Басты жаңалық – бұдан былай оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелгені. Бұл – көптен бері жұрттың көкейінде жүрген және талай рет талқыға түскен мәселелердің бірі. Өйткені, бұған дейін мұндай талап болған жоқ. Әркім өз мүмкіндігіне қарай киінді. Содан да балалар арасында бірін-бірі киіміне қарап алалау, бәсекелесу сияқты жағымсыз қылықтар қылаң берді. Арнайы заң мен ереженің болмауы салдарынан біреулер етегі сала құлаш ұзын көйлек кисе, екіншісі керісінше тыртитып қысқа етектенемін деп сөз естіді. Оқушы қыздардың хиджап кию мәселесі де біраз дауға себеп болғанын білеміз.

Енді, міне, сол күрделі мәселенің күрмеуі шешілгендей. Заңға енгізілген өзгерістерге сай бұдан былай оқушылар біркелкі киінетін болады. Бұлай киіну үлгісі қаладағы кейбір мектептерде бұрыннан бар. Мысалы, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушылары мектепке тек күрең қызыл түсті киіммен барады. “Осыдан он жылдай бұрын мектеп басшылығы мен ата-аналар ақылдаса келіп, бірыңғай киім үлгісін жасату туралы шешім қабылдадық. Кей мектептерде оқушы мен мұғалімді киіміне қарап ажырата алмайсың. Ал бізде бәрі алыстан аңғарылады”, – дейді гимназия-интернат директорының орынбасары Дариға Қоспанова.

Біркелкі киінудің артықшылығын мектеп оқушылары да түсінген. Тоғыз жыл өзге мектепте оқып, өткен оқу жылында ғана Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа ауысқан Сымбат Әбілева мектеп формасының артықшылықтары көп екенін айтады. “Бірдей мектеп формасы, ең бірінші кезекте, балаларды тәртіпке бағындырады. Бұл жалғыз киім болғандықтан, оны ұқыпты ұстап, кірлетпей киюге тырысасың. Яғни, тазалыққа да үйретеді. Мен бұрын басқа мектепте оқығанда қолға не түссе, соны кие беретінмін. Ал мұнда келгенде бірінші көзге түскені мектеп формасы болды. Балалар да қымбат киім киіп, бір-бірімен бәсекелеспейді. Ата-аналарын да “мынаның киімі әдемі, маған сондай алып бер” деп мазаламайды”, – дейді ол.

Бүгінге дейін біздің облысымызда 46 мектепте бірыңғай форма кию үрдісі енгізілген екен. Ал қалған 486 білім ошағының оқушылары заңға енгізілген өзгерістерге сай алдағы оқу жылынан бастап біркелкі киіне бастайды. Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, еліміздің барлық оқушыларына бірдей киім кигізу міндеттелмейді. Келісіп пішкен тон келте болмайтынындай, әр мектептің ұжымы мен ата-аналар ақылдаса отырып киім үлгісін таңдайтын көрінеді. Қазірдің өзінде облыстың мектептеріне арналған бірнеше үлгі жасалуда.

“Бұл өте құптарлық іс деп ойлаймын. Аймағымыздың тігін фабрикалары күш біріктірсе, барлық оқушыларды қажетті киіммен қамтамасыз ете алады. Мен, мысалы, тапсырыс болса, Тайынша ауданын қарамағыма алып, 4,5 мың оқушыға арналған форманы тігіп бере алар едім”, – дейді “Прогресс” тігін фабрикасының директоры Борис Бутыч.

Заң қабылданған соң ол орындалуға тиіс. Оқушылардың бірдей киінгені жөн-ақ, енді ұстаздардың да киім киісін тәртіпке келтіру қажет деген ұсыныстар да айтылуда.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp