Оңай олжа болмайтынын Петропавлдың “Құлагері” мен Өскеменнің “ШҚО” командаларының арасында 30 қараша және 1 желтоқсан күндері облыс орталығындағы Спорт сарайында өткен алғашқы жекпе-жек дәлелдеді.
Турнир кестесінде тоғызыншы орында келе жатқан және ұпайы жерлестерімізден айтарлықтай кем өскемендіктер бірінші ойында жігер таныта білді. Әуелде қарсыластарын оңай шағылатын жаңғақ санады ма екен, біздің ойыншылар аса ширақ қимылдай қоймады. Ақыры осылай сылбыр ойнағаны үшін бармақ шайнап қалды.
Біздің хоккейшілер есепті ұлғайтып, сәл саябырсыған сәтте қонақтар қарымта қайтарып отырды. Осылайша кездесудің негізгі уақыты – 60 минут 2:2 есебімен тең аяқталды. Алайда, қосымша тағайындалған 5 минуттық овертаймда өскемендіктер тағы бір шайба енгізіп, 3:2 есебімен “Құлагерді” қапы қалдырды.
Алаң иелері келесі, 1 желтоқсандағы кездесуде есе қайтарды. Сөйтіп, 7:0 есебімен жеңіске жетті.
(Өз тілшіміз).