Петропавл қалалық сотында алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке іліккен облыстық қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары мен оның зайыбына қатысты үкім шықты.
Ерлі-зайыптының қылмыстық әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары өткен жылы әшкерелеген еді. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке 574061240 теңге шығын келтіргені үшін айыпталды.
Белгілі болғандай, Ә.Қалиев мемлекеттік қызмет атқарып жүргеніне қарамастан, жер кадастры және басқа да жұмыстарды жүргізетін “New programm” атты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті сатып алып, директорлыққа зайыбының өгей әкесін тағайындаған. Ал есеп-қисаппен зайыбының өзі айналысқан. Басқарма жариялаған тендерді аталған серіктестік ұтып алып отырған. Алайда, ақшаны алғанымен, жеке бухгалтерлік фирма арқылы орындалмаған жұмыс үшін жалған есеп берген. Мұның бәріне Ә.Қалиев көз жұма қараған. Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімшартқа сәйкес басқарма серіктестіктің шотына 347 млн. теңге аударған.
Осылайша, мемлекеттік қызметші оңай жолмен келген қаржыға “Central City Сafe” дәмханасы мен балаларға арналған “Super Star Club” шағын орталығын ашып, “Тойота Хайлендер” маркалы автокөлік сатып алады. Алайда, мемлекеттің қаржысын жымқырған ерлі-зайыптының заңсыз әрекеті көп ұзамай әшкере болды. Маусым айында зайыбы банктен 68,5 млн. теңге алған. Ал бірнеше күннен кейін өгей әкесі екеуі тағы 19,5 млн. теңгені алып жатқан сәтте қолға түсті.
Бірнеше айға созылған сот отырыстарында куәгерлердің жауабы тыңдалып, қажетті тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде сот үкімі бойынша ерлі-зайыптылар кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілей отыра Ә. Қалиев – сегіз, ал зайыбы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олар енді мемлекеттік қызмет те атқара алмайды. Олардың кәмелеттік жасқа толмаған екі баласының тәрбиесі қорғаншылық және қамқоршылық қызмет қарауына берілді.
Сурет http://sko.sud.kz/ сайтынан алынды.