«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢТҮСТІК ҚАРЛЫҒАШТАРЫНА ЖЫЛЫЛЫҚ СЫЙЛАҒАН

Ел өмірінде орын алып жатқан жағымды жаңалықтар мен мағыналы мәселелердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген істері мен сарабдал саясатының арқасында сәтті жүзеге асып, мәуелі жемісін беруде. Егемен ел атанып, етек-жеңімізді жинап, болашақтың баспалдағымен адымдап, алға ұмтылуымыз үшін өмірдің қозғаушы күшіне айналған жастарға зор сенім артқан Президентіміз мол мүмкіндік жасауда. Жастардың болашағы жарқын еліміздің жанашыр бағбаны болуына, өз істерімен өмірдің түрлі саласының кетігіне кірпіш болып қалануына сара жол ашуда. Соның бір дәлелі Мемлекет басшысының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламасын негізге ала отырып, үстіміздегі жылы Үкіметіміз жастар мәселесіне орай арнайы “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға” жобасы аясында “Серпін” бағдарламасын жүзеге асырған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты – кадр жетіспеушілігі, демографиялық ахуал сынды олқылықтардың орнын толтырып, жастарға жан-жақты қолдау көрсету.

Қызылжар өңіріне күнгей аймақтың Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан жалпы саны 200 студенті мемлекеттік грантпен оқуға қабылданды. Аталмыш бағдарламаны ести сала, үкілі үмітпен құжаттарымызды қабылдау бөліміне өткізіп, бұрын аяқ басып, көз көрмеген таныс әрі бейтаныс өлкеге оңтүстіктің қарлығаштарындай аттанғанымыз әлі есімде. Жүректерімізді қуаныш кернеп, жанарымызға сағыныш пен жабығыстан жас әкелген кезге де алты ай уақыт өтті. Қазақстанның ең жылы, табиғаты таңдай қақтыратын жерінен жүз елуіміз қойнауы қасиетке толы Қызылжарға табан тірегенімізде әлденеге алаңдағандай алабұртып, біраз жатырқап, кейін жергілікті өрендермен бір атаның балаларындай қоян-қолтық араласып та кеттік.  

Еліміздің бір шалғайынан екінші бір қиырына білім қуып келеді деп кім ойлаған?! “Әр елдің салты басқа” дегендей, Петропавл тұрғындарының өзіндік ерекшеліктері кең көсіле әңгімелеуді қажет етеді. Тұрғындарының тоқсан алты пайызын қазақтар құрайтын Сыр елінен келген соң Қызылжар тұрғындарының қонақжайлылығын, аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңілділігін көріп, қуанышымды жасыра алмағаным да рас. Құдды бір биші бойжеткендердей бұрала майысқан қайыңдары, ну орманы мені өзіне жіпсіз байлап алды.

Мен бүгінде Петропавлдағы іргелі жоғары оқу орны – СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтының “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығында оқимын. Бітірген соң Петропавл қаласына жұмысқа орналасып, қазағы аздау өлкенің әр тарапынан қазақ жастарының дауысын естіртсем деген арманым бар.

Туған айдың тураған еттей екендігін дәлелдеп, біреуге бақыт, біреуге мұң сыйлаған Жылқы жылы да өз төрін Қой жылына бермек. Мен секілді рухты қазақ жастарына сәттілік сыйлаған ескі жылға ризалық білдіріп, жаңа жылдан тек жетістіктер күтемін.

Ғалия БОТАБАЙҚЫЗЫ,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің

Тіл және әдебиет

институтының I курс студенті.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp