Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды.
Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Г.А. Ибраевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған болатын. Ол діңгекті антенна құрылғыларын орнату бойынша орындалған жұмыстың актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпорын директорынан 1200 доллар көлемінде пара алды деген күдікке іліккен еді.
Петропавл қалалық сотының үкімімен Ибраев үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол енді өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайтын болды.