«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Ерік Хамзаұлы ең алдымен “Фармацевтика” ЖШС-інде болды. Аталмыш серіктестік өңірлік Индустрияландыру картасына енген “Түйіршікті дезинфекциялық жабдықтар өндірісі” жобасын жүзеге асыруда. Компания директоры Асхат Бисенов құрылыс нысанына жылу энергиясын, су құбыры мен кәріз жүйесін енгізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын айтып берді.

“Радуга” ЖШС өңірлік Индустрияландыру картасы бойынша екі жобаны іске асырмақ. Оның біріншісі – полиэтиленнен қырық шақты өнім түрлерін өндіретін әмбебап кешенді облыс аумағында бірінші болып биылғы 8 қаңтарда іске қосып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Серіктестік директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуына қарағанда, компания жыл соңына дейін жүгері үлпегі мен таңғы құрғақ тамақ өндіру жөніндегі цехты пайдалануға береді.  

Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында өңірімізде жүзеге асырылатын жобалардың біреуі “Единство” ЖШС-іне тиесілі. Зауыт қаңқа-панельді үй құрылысы үшін құрастырмалы темір-бетон элементтерін өндіруді қолға алмақ. Инвестиция сомасы 439 млн. теңгені құрайтын жоба аясында 32 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Компанияның бас директоры Александр Кондратов өндіріс орнын жаңғырту барысы жайлы баяндап берді. Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіре келіп, кәсіпорынға жетістік тіледі.

Осы жолы Ерік Сұлтанов “Тайга” сауда үйінде салынып жатқан балалардың ойын-сауық кешеніне де ат басын бұрды. Аталмыш нысанға 19 отбасылық аттракцион, әртүрлі ойын модульдері орнатылып, ең жас келушілер үшін балалар бөлмесі жасалмақ.

“Таткрафт Инвест” ЖШС күзде облыс орталығында “Семейный” сауда-ойын-сауық кешенін ашуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Компания директорының орынбасары Роман Котовтың айтуынша, аталмыш нысанда сауда алаңдарынан басқа балаларға арналған аттракциондар бағы жасалып, мейрамханалар ашылады.

Жұмыс сапары соңында өңір басшысы “Қызылжар” тұрғын үй кешенінде болды. Онда үйдің 12-ші қабаты құрастырылып жатыр. Нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. “Казградстрой” ЖШС-нің бас директоры Александр Авдеев өңір басшысын салынып жатқан құрылыстың жоспарымен таныстырды. Төрт кірме есікті үйде 176 пәтер, сол сияқты, біріктіріп салынған кеңсе имараттары болады.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp