Сұлулық құрбандықты талап етеді. Қазіргі заманда белең алған пластикалық хирургияға жүгінетін науқастар бұл сөздердің астарын жақсы түсінеді. Үлкен қалаларда пластикалық хирургияның әсемдік үшін жасалатын ота түрлеріне машықтанған орталықтар жетерлік. Біздің облыс та бұл саладан шет қалып отырған жоқ. Облыстық аурухананың хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Нығметжанов – хирургияның аталмыш бағытының маманы. Ол 2009 жылы Санкт-Петербургтегі медициналық академияның пластикалық және эстетикалық хирургия кафедрасында білімін жетілдірді.
Пластикалық хирургия әдісі бойынша алғашқы ота біздің заманымыздан 3 мың жыл бұрын Тибетте жасалған. Көне заманның тұрғындары мұрынның пішінін өзгертуге талпынған екен. Содан бері талай ғасыр алмасты. Қанша уақыт өтсе де, адам баласы сұлулыққа құмарлығын жоғалтқан жоқ. Сұраныс бар. Медицинада пластикалық хирургияның бірнеше түрі бар. Пұшық мұрынды қыр мұрын, көзді әсемдеуге, теріні ағартуға заманауи медицинаның әлеуеті жетеді. Бұл орайда пластикалық хирургия әдістері адам өмірінің сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға да қолданылатындығын атап өтпеске болмас. Мереке Нығметжановтың айналысатын пластикалық хирургиясы – осы. Мысалы, адам денесіндегі күйік шалған теріні алмастыру, денеде пайда болған өскінді алу, жазатайым жағдайлардан соң бет әлпетті қалпына келтіру сынды оталар адамның өмір сапасын жақсартуына қажет.
Хирургтің айтуына қарағанда, облыстық ауруханада пластикалық хирургияның бір түрі ғана жасалады. Іш тұсындағы жарықты хирургиялық әдіспен алған соң науқастың ішінің терісі салбырап кететін көрінеді. Бұл өз алдына адамның қимыл-қозғалысы мен жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудырады. Адам өзін жайсыз сезінеді, содан көңіл күйі бұзылады. Мұндайда пластикалық хирургия – таптырмайтын шешім. Науқасқа кәдімгі ота жасалып, артық терісі алынады. Тиісті ем-шаралардан кейін адам қалыпты өміріне оралады. Артық салмақтан арылған адамдардың да іш тұсындағы терісі салбыраңқы кейіпке енуі мүмкін. Бұл жағдайда да отаның көмегіне жүгінуге болады.
– Көбінесе пластикалық хирургияның көмегіне нәзік жандар жүгінеді. Іш пен бел тұсына жиналған майдан хирургиялық әдіспен құтылғысы келгендер бар. Ота ақылы. Әрі ондай науқастарға арнайы жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, шетелдегі пластикалық хирургия орталықтарында келім-кетімді науқастарды ешкім көрмеуі үшін бірнеше есіктер мен жабық палаталар қарастырылған. Біздің бөлімшемізде ауруы дендеген науқастар емделеді. Ондай жағдай қарастырылмаған. Дегенмен, денеде дерттің салдарынан пайда болған кемістіктерді хирургиялық әдістермен жоюға болады, – дейді дәрігер.
Ауруханаға эстетикалық сұлулық іздеп келген әйелдер болған екен. Бірақ осы мақсатта ота жасатқандары кемде-кем. Көбінесе науқастар денсаулықтары мен өмір сапасын жақсарту үшін пластикалық отаға жүгінеді.
Дәрігерден қазіргі таңда қандай дерт өршіп тұрғаны жөнінде сұрадық. Бүгінгі күні өтке тас жиналуынан болған дерт пен бауырдың паразиттік аурулары көп кездесетіндігін айтты. Оның себебін диагностикалық зерттеулердің нақтылығымен түсіндіреді дәрігер. Облыс орталығын айтпағанда, бүгінгі күні әрбір ауданда ультрадыбысты диагностика кабинеттері бар. Петропавл қаласында бірнеше компьютерлік томограф жұмыс істейді. Әрі скринингтік тексерістер де жүйелі өткізілуде. Бөлімшенің хирургтері өткен жылы мыңнан астам ота жасап, сонша адамның ғұмырын ұзартауға септескен екен.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.